Шырша орнату кезінде мұғалім жарақат алды: Аймағамбетов пікір білдірді

Аймағамбетов министрліктің бұл мәселені бақылауға алғаны үміт беретінін айтты
Sputnik
АСТАНА, 23 желтоқсан — Sputnik. Кеше Семейде шырша безендіруге барған мұғалімдердің бірі ауыр жарақат алғаны белглі болды. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Телеграм-арнасында бұл жағдайды жай "жаңсақтық" деп санауға болмайтынын жазды.
"Семей қаласында мұғалімдерді жаңажылдық шыршаны орнатуға тартып, соның салдарынан бір мұғаліміміздің ауыр жарақат алғаны алаңдатты. Мұндай жағдайды жай ғана “жаңсақтық” деп қарастыруға болмайды. "Педагог мәртебесі туралы" заңның 6-бабында нақты көрсетілген: мұғалімдерді кәсіби міндеттеріне жатпайтын жұмыстарға тартуға қатаң тыйым салынады. Жаңа жылдық шырша орнату, көше тазалау, басқа да науқандарға мәжбүрлеп тарту сияқты ескі “дәстүрлерден” біржола бас тартуымыз керек. Бұл – заңды өрескел бұзу", - деді Аймағамбетов.
Депутат оқиға бойынша нақты шаралар қажет деп мыналарды атап көрсетті:
1.
Облыс басшылығы бұл жағдайды мұқият тергеп, жауапты тұлғаларды жазалауы тиіс.
2.
Мұғалімдерге тікелей міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуды тоқтату үшін министрлік бақылауды күшейтуі қажет.
3.
Білім басқармалары мен мектеп әкімшіліктері мұғалімдердің құқықтарын қатаң сақтау бойынша міндеттерін орындауы тиіс.
"Мемлекет басшысы әрдайым мұғалімдердің мәртебесін қорғау мен олардың құқықтарын сақтау мәселесін ерекше назарда ұстап келеді. Біздің міндетіміз – сол талаптарды орындап, заңның жұмыс істеуін қамтамасыз ету", - деді экс-министр.
Аймағамбетов министрліктің бұл мәселені бақылауға алғаны үміт беретінін айтып, жарақат алған әріптесіне тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Еске салайық, Семейде шырша безендіруге барған мұғалімдердің бірі ауыр жарақат алды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Павлодар облысында оннан аса мұғалім 3 млн 700 мың теңгеден сыйақы алды