Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасы қабылданды

Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет беріледі
Sputnik
АСТАНА, 18 желтоқсан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасы аясында бірқатар маңызды бастамалар қолға алынады. Олар:
1.
Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру;
2.
Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу;
3.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау.
Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін нысандарды салуға жол берілмейді.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет беріледі. Олардың басым бөлігі – 27 құзырет әкімдікте болады.
Қала әкімдігіне берілетін негізгі құзіреттер:
жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің пайдаланылуына және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылауды жүргізу;
жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштеріне ғылыми реставрация жүргізу бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу;
кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау, сондай-ақ жол бойындағы сервис бойынша шығындардың бір бөлігін өтеу;
туризм инфрақұрылымын дамыту шараларын қабылдау.
Бүгін мәжіліс Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.
Мәжіліс Түркістанда арақ-шарап сатуға тыйым салу мәселесін көтерді