АСТАНА, 12 желтоқсан — Sputnik. "Қазавтожол" ұлттық компаниясы ұзындығы 96 км республикалық маңызы бар "Ақтөбе – Қандыағаш" автомобиль жолының реконструкциясын аяқтады. "Ақтөбе облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1869 км, оның ішінде соңғы жылдары 117 км жол реконструкцияланды. Ал 280 км жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
"Ақтөбе – Атырау – Ресей шекарасы" (Астраханьға) республикалық маңызы бар автомобиль жолының бөлігі "Ақтөбе – Қандыағаш" көлік дәлізін дамытуға басты назар аударылды", - деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Бұл дәліз аймақ үшін де, бүкіл ел үшін де стратегиялық маңызды бағыт. Ол Қазақстанның Астраханьға шығуына мүмкіндік береді, Ресей Федерациясымен байланыстырады. Жолдың өткізу қабілеті мен қауіпсіздігі артты, төрт және екі жолақты жол тосқауылмен қоршалған.
"Автожолды қайта жаңарту аясында 691 мың тонна асфальтбетон қоспалары төселді, 10 көпір, 4 жол өтпесі, 3 айырбас және темір жол арқылы 1 жол өтпесі салынды, 8 демалыс алаңы, 18 автобус аялдамасы жабдықталды, сондай-ақ 1795 жарықтандыру тірегі орнатылды", - делінген хабарламада.
Жоба Қазақстанның Ресей, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан бағытындағы жолаушылар ағыны мен транзиттік әлеуетін арттырады. 2025 жылы "Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын" автомобиль жолын қайта жаңарту жоспарлануда. Жоба EPCM ("жобалау, Құрылыс және пайдалану") тетігі бойынша іске асырылатын болады, бұл мердігерлердің жауапкершілігін күшейтеді және сенімді құрылыс компанияларының қатысуына мүмкіндік береді.