АЛМАТЫ, 6 желтоқсан – Sputnik. Атырау қаласындағы сауда нүктелерін қайта тексеру кезінде базарлардың бірінде сібір жарасының белгілері анықталды, деп хабарлайды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Жедел тест аурудың белгілерін растады. Қаулыға сәйкес базар дезинфекциялық шараларды өткізу үшін жедел түрде жабылды.
"Қайта тексеру барысында алынған үлгілер ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығына жіберілді. Зерттеудің соңғы нәтижелері бірнеше күн ішінде белгілі болады. Бұл факт бойынша эпидемиологиялық тергеу басталды", - дейді ведомство.
Бұған дейін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары ет сатумен айналысатын 65-тен астам сауда нүктелерін тексерді. Барлығы 700-ден астам сынама алынды және олардың барлығы теріс нәтиже көрсеткен.
Департамент мамандары халыққа сібір жарасынан қорғану үшін етті ветеринарлық бақылаудан өткен, тексерілген жерлерде ғана сатып алуға кеңес берді.
"Қолданар алдында етті мұқият пісіріп, оның ішкі температурасын 70°C дейін жеткізіңіз. Шикі етпен жұмыс істегеннен кейін қолыңызды, пышақтарыңызды және ет кескен тақтайшаларды жуыңыз. Күмәнді немесе термиялық өңделмеген ет жеуден аулақ болыңыз", - деп ескертті департаменттегілер.