Бауырынан соққы алған: Отарда комаға түскен сарбазға қатысты дәрігерлерден жауап алынды

Sputnik
АЛМАТЫ, 5 желтоқсан – Sputnik. Алматыдағы әскери сотта Отарда әскери борышын өтеп жүріп комаға түскен сарбазға қатысты кезекті сот отырысы өтті. Сотта дәрігерлерден жауап алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Соның бірі – Жамбыл облыстық аурухананысының ифекционист-дәрігері Сағыныш Нұрғабылова. Оның айтуынша, сарбаз соққыдан емес өкпесі қабынғандықтан комаға түскен.
"Ол соққы жемей тұрып өкпесі қабынып ауыра бастаған. Соққы өкпенің қабынғанына әсер етпейді, соққыдан олай болуы мүмкін емес. Соққы жемесе де солай болар еді. Мұндай аурудың комаға әкеп соғатын кездері де болады", - деді Сағыныш Нұрғабылова.
Ал жәбірленуші сарбаз оқиға болардан бұрын дәрігерлерге ауырғанын айтып шағымданбаған. Әбділпаттаның анасының айтуынша, инфекционист те, пульмонолог та жағдайы ауыр келген сарбазды тікелей тексермеген. Ал инфекционист Сағыныш Нұрғабылова да сырқатты тікелей көрмегенін, ауру тарихын бір күн қопарып, осындай тұжырым жасағанын айтты.

"Сарбаз госпитальға келгенде есін білген. Мен өзім сарбазды көрген жоқпын. Маған үш сумка құжат әкелді, қайтсең-сөйт қорытынды жаса деді. Мен көз майымды тауысып, біраз уақыт сол құжаттармен танысып қорытынды жасадым. Мен ешнәрсені ойымнан құрастырған жоқпын", - деді инфекционист Нұрғабылова.

Айта кетейік, сарбаздың денсаулығына қатысты қорытындыны инфекционист пен пульмонолог бірдей етіп жазып берген.

Науқас бауырынан соққы алған - анестезиолог

Сотта куәгерлік еткен сарапшы-анестезиолог, жоғары санатты дәрігер Бауыржан Мұхамадиевтің айтуынша, сарбаздың бауырына ауыр соққы тиген.
"Сот медициналық сараптамамен келіспеймін, мен 40 жыл еңбек етемін. Әлі күнге дәрігер резиденттер дайындап келемін. Қордай ауруханасына түскенде науқастың соққы алғанда бауыр орналасқан оң жақ іші зақымданған. Сырқат тарихына, сараптамаларға сүйеніп, науқастың жағдайы соққыдан нашарлады деген қорытындыға келдім. Мен бұл пікірімді өзгертепеймін. Спортшылардың өзі бауырынан соққы алған тұста бірден құлайды. Егер соққы жемегенде өкпе қабынғандығына бола ол жансақтау бөліміне түспес те еді. Науқастың бауыры жұмыс істемей қалған", - дейді жоғары санатты дәрігер Бауыржан Мұхамадиев.

Оқиғаға дейін дәрігерлерге ешқашан шағымданған емеспін - сарбаз

Сотта әскери бөлімнен келген куәгер Қанат Ережеп сарбаздардың денесін күнделікті тексеретінін айтты. Алайда Нұржігіт Әбділпатта дәл сол жерде қарсылығын білдіріп, сарбаздардың денесі соққыдан аман екенін 3-4 күнде бір ғана тексерілетінін, онда да тек қолдарын ғана тексеретінін айтты. Әбділпаттаның айтуынша, өзі әскери борышын өтеген уақытта мұндай тексеру небәрі 4-ақ рет болған.
Сарбаз Нұржігіт Әбділпатта
Айта кетейік, сотта айыпталушының қорғаушылары екі әскери куәгерді алдыртқан. Бірақ олар қылмыстық оқиғаға қатысты нақты ешнәрсе айта алмады.
"Балам госпитальда жатып, жаны әбден қиналып айқайлағанда ғана рентгенге түсірген. Инфекционст үш сөмке құжаттарды қарап қана қорытынды жасаған, ол менің баламды тексермеген. Енді маған сіз балаңыздың соққысына кінәлі ету үшін осылай істеп отырсыз дейді", - деді Әбділпаттаның анасы.
Ал Нұржігіт Әбділпатта есі кіресілі-шығасылы жатып, дәрігерлерге не деп жауап бергені есінде жоқ екенін айтты.
"Мен соққы жегенге дейін ешқашан денсаулығыма шағымданған емеспін. КТ түсірген соң дәрігерлер ауру бұдан бұрын болған дегенді шығарып алды. Мен соққы жеген соң екі күннен кейін госпитальға қатты ауырып келгенде олар сұрады, бірақ ол жерде не айтқаным есімде жоқ", - дейді комаға түсіп жаны аман қалған Нұржігіт Әбділпатта.
Еске сала кетейік, биыл 6 маусымда Отардағы әскери бөлімде борышын өтеп бастаған Нұржігіт Әбділпаттаны сержант тамағына дәрі сепкені үшін ұрған. Салдарынан сарбаз жағдайы ауырлап жансақтау бөліміне, кейіннен комаға түскен.
Бүгін сот отырысында сотталушы тарап өздерін фотоға түсіруден түбегейлі бас тартты. Ал Әбділпаттаның отбасы баласын ұрған сержант келіп тіпті кешірім де сұрамады дейді.
Сарбаз комаға түсті: Қорғаныс министрлігі не жағдай болғанын түсіндірді