"Дәрі қолданғаны үшін ұрған": комадан оянған сарбаздың әкесі оның жағдайы туралы айтты

© Отбасылық мұрағаттанНұржігіт Әбділпатта
Нұржігіт Әбділпатта  - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.07.2024
Жазылу
АЛМАТЫ, 30 шілде – Sputnik. Отарда әскери борышын өтеп жүріп, жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан Нұржігіт Әбділпатта комадан оянды. Жігіттің туыстары осы уақыт аралығында бастан кешкен қиындықтарын Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.

"Тез жетіңіз, балаңыз хәл үстінде"

Отардағы әскери бөлімде борышын өтеп жүрген Нұржігіт Әбділпаттаның ата-анасы балалары туралы суыт хабарды 9 маусымда естиді. Жолсерік болып істейтін анасы іс-сапарда жүрген, ал әкесі Қостанайда үйінде болған.
"Әйелім маған сондай қобалжып телефон шалып, "Нұржігіт, тұмауратып ауырып қалыпты. Ауруханаға түсіпті. Әскерилер хабарласты, еш уайымдамаңыздар деп айтты" дейді. Ана болған соң уайымдамау мүмкін бе? Нұржігітті көрсетіп, бейнеқоңырау жасауды сұрадық. Баланың амандығына көз жеткізгіміз келді. Олар уәде беріп алды да, сол күйі үнсіз қалды. Бірнеше сағаттан соң "Балаларыңыз шұғыл Қордай ауруханасына жеткізілді, жансақтау бөліміне түсті. Жағдайы өте ауыр" деді. Ауруханаға жеткізілгенге дейін жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылыпты. Қордай орталық ауруханасына жеткізілген соң бір сағаттан кейін баламның жағдайы тіпті нашарлап кеткен. Жүрегі бірнеше минутқа тоқтап қалған", - дейді Нұржігіттің әкесі Тимур Жаналин.

"Тірісінде бір көріп қалайық"

Ата-анасы жанталасып, жолға шығады. Пойыздағы анасы жақын станциядан түсіп қалады, әкесі ауа райының қолайсыздығына қарамастан көлігіне мініп, құстай ұшады. Қостанайдан Астанаға жетіп, Астанадан Алматыға, Алматыдан Қордайға жеткен ата-ананың қалталарында артық тиыны да болмаған.
"Біздің ол күнгі басымызға түскен қиындықты ешбір жан баласына бермесін. Қалтамызда ақшамыз да болмай қатты қиналдық. Ең болмаса тірі кезінде көріп қалайық деген ой ғана болды. Бізде бір ғана мақсат болды, ол – баламызды бір көріп қалу. Қордайға келсек әскерилер толып жүр, ешкім жарытып ешнәрсе айтпайды. Қордайдың дәрігерлері екі өкпесі ауыр қабынған деп түсіндірді. Біз барғанда баламның барлық ішкі органы істен шыға бастаған", - дейді Тимур Жаналин.

Оң жақ қабырғасынан қатты ұрған

Ауруханадан соң Тимур әйелімен Отардағы №30212 әскери бөліміне барып, әскери тергеу басқармасына барады.

"6 маусымда келісімшарт бойынша әскери қызметтегі сержант баламды ұрғаны белгілі болды. Баламмен бірге әскери борышын өтеген куәгер сарбаздардың айтуынша, оқиға сапқа тұрғанда болған. Нұржігіттің тамағының жыбырлайтыны бар, әскерге кетер кезде спрей сатып әперіп едік. Соны тамағына сеуіп, қалтасына салған екен. Оны көрген сержант қолын қалтасына салып тұр деп ойлап, ешбір дауыстап ескерту айтпастан баламның қасына келіп, оң жақ қабырғасынан қатты ұрған. Куәгерлер соққыдан баламның біртүрлі дауысы шығып кеткенін айтты. Оқиғадан бір күн өткен соң балам құсқысы кеп, басы айналып, жағдайы нашарлай бастаған. Ал 8 маусымда балам тамақтан мүлдем бас тартқан, іше алмаған. Нұржігіт барған сайын әлсіреген, ал командирге ол туралы айтылған", - дейді әкесі.

Оқиға өткен соң үшінші күні ауырып жүрген сарбаз қасындағыларға ескертіп, әжетханаға кетеді. Сол жерден қайтып шықпаған.
"Бір сарбаз артынан іздеп әжетханаға барғанда Нұржігіт тізесін құшақтап, бүрісіп отырғанын көрген. Тілі күрмеліп, сөйлей алмай қалған. Барған сарбаз басшылыққа жүгірген. Ауруханаға апарғанда ауырғанды басатын дәрілер ғана берген. Ал 9 маусымда госпитальға түседі. Ол жерде дер кезінде сапалы ем көрсетілмеген, бұл туралы да біз шағымданамыз. Салдарынан балам комаға түскен", - дейді Нұржігіттің әкесі.

"Баламды комаға түсіріп, өзі сол қалпы жұмыс істеп жүрген"

Тимур Жаналиннің айтуынша, сарбаз хәл үстінде жатса да, кінәлі әскери қызметкерге еш шара қолданылмаған. Тіпті әдеттегідей жұмысын істеп жүре берген.

"Әскери тергеу мамандарына "күдіктіге қандай шара қолдандыңыздар" деп сұрасам, "сол жұмыс орнында, тек әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға жіберілмейді" деп жауап берді. Сол жерде мен заң бойынша Қылмыстық кодекс негізінде дереу шара қолдануды талап еттім. Қамауға алынсын деп табандап тұрып алдым. Әскери тергеу мамандары әрине маған мардымды жауап берген жоқ", - дейді ол.

Әкенің заңды талабынан кейін ғана күдікті сержант қамауға алынған.
"Баламызды көрейік деп едік, бірақ жансақтау бөліміне кіргізбеді. Ауруханадағы қабылдау бөлімінде баламызды ұрған сержантты көрдік. Қолына кісен салып, әскери полиция алып келіпті. Медициналық сараптама үшін әкеліпті. Мен дабыл қағып талап қойған соң ғана ол қамауға алынды. Прокурор оны екі айға қамау туралы сұрады, бірақ сот оны 10 күнге қамаған. Бұл да біздің ашуымызды келтірді. Сосын прокурордың өтінішімен екі айға қамауға алынды, қазіргі күні әскери тергеу изоляторында отыр", - дейді Жаналин.
Сот медициналық сараптама жасау үшін ерлі-зайыпты Жаналиндер танымал сот медициналық сарапшы Тахир Халимназаровтан көмек сұраған.
"Ол кісі сөзімізді жерге қалдырмай, біздің жағдайымызды түсініп, сараптама жасауға атсалысты. Қазіргі күні сараптама нәтижесін көріп жатырмыз. Оның ми бөлігі ісіген, барлық іш құрылысы істен шыға бастаған. Біз барлық адамдардан, журналистерден көмек сұрадық. Президентке өтініш видео жолдадық. Біздің жағдайымызды президенттің көмекшісі көріп, Тоқаевқа хабарлаған. Президент қорғаныс министріне тікелей бақылауға алу туралы тапсырма берген", - дейді Тимур.
Алматы әскери клиникалық госпиталінен тәжірибелі реаниматологтар, кардиологтар басқа да мамандар көмекке шақыртылып, Нұржігіт Қордайдан қорғаныс министрлігінің әскери госпиталінен Алматыға ауыстырылады.

"Жасанды тыныс алдыру аппаратына қосулы болды, Нұржігіттің денесіне көптеген аппараттар жалғап қойған. Өкпесі, жүрегі, асқазаны, басқа да ішкі органдары дұрыс жұмыс істемеді. Шынымызды айтсақ, сауығып кететініне күмәніміз көп болды. Шетелдік дәрігерлермен де байланысқа шықтым. Корея, Ресей, Түркия, Израил және Челябниск дәрігерлерінен көмек сұрадым. Бірақ Нұржігітті алып жүру мүмкін емес, тіпті Қазақстанның өзінде тікұшақпен алып жүрудің өзі өте тәуекелді жағдай болды", - дейді баласы үшін шырылдаған әке.

Қазақстанның ең тәжірибелі дәрігерлерінен арнайы топ құрылып, барлығы Алматыдағы әскери госпитальге ұшып келіп немесе онлайн кеңес берумен болған.

"Қалайсыз, әке!?"

Жанна мен Тимур балаларының комадан шыққаны туралы қуанышты хабарды 21 маусымда естиді.
"Қуанышымызда шек жоқ, сол сәттегі жағдайымызды көрсеңіздер ғой, тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ жағдайы сонда да ауыр болды. Баламның палатасына кіріп "Балам, қалайсың?" дедім. Нұржігіт "Қалайсыз, әке?" дегенде өзімді әрең ұстадым. "Балам, сен сөйлей алатын болдың ба?" дегеннен басқа аузыма сөз түспеді. Көзіме жас толып еңіреп жылағым келді, сол сәт менің жан-дүниемде болған арпалыс, қуаныш, толқу, сөзім жетпейді. Бірақ Нұржігітімді уайымдатпайын деп өзімді барынша тежеп ұстадым", - дейді комадан аман оянған сарбаздың әкесі.
Қазір Нұржігітке өз бетімен тыныс алу үшін жаттығу жасатып жатыр. Миындағы ісік қайтты. Жасанды тыныс алдыру аппаратынан алынды. Істен шыққан мүшелері дәрігерлердің көмегімен қалыпты жұмысына оралып жатыр.
Нұржігіт Әбділпатта үйдің жалғыз баласы, ол Шымкенттегі “Авиценна” жоғары медицина колледжінде 1-курста оқып жүрген. Қостанайдағы үйіне барғанда ата-анасына әскерге өз еркімен барғысы келетінін айтқан. Ол мамырда ғана өз еркімен әскери борышын өтеуге аттанған, 29 шілде әскери ант қабылдау керек болған. Жас жігіттің оған дейін денсаулығында кінәрат болмаған.
9 маусымда Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы әскери бөлімде борышын өтеп жүрген 19 жастағы Нұржігіт Әбділпатта жансақтау бөліміне түскені хабарланды.
Касым-Жомарт Токаев провел совещание по развитию туризма - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.06.2024
"Мұндай жағдайға жол бермеу қажет": Тоқаев қорғаныс министріне ескерту жасады
Жаңалықтар
0