АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Ақмола облысында алтынды заңсыз өндірді деп айыпталған ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары елордада сотталды, деп хабарлады Бас көлік прокуратурасының сайты.
Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қарады.
"Көлік прокуратурасының мемлекеттік айыптаушысы ұйымдасқан 12 күдікті құрамында алтын бар кенді заңсыз өндірумен және өңдеумен, сондай-ақ зергерлік бұйымдарды қолдан өндірумен айналысқанын дәлелдеп шықты", - деп жазылған хабарламада.
Жалған алтын зергерлік бұйымдар елдің базарлары мен зергерлік дүкендерінде сатылған.
Қылмыстық схеманы Ресей мен Украина азаматтарын тарта отырып, Қазақстан азаматы ұйымдастырған. Мемлекетке келтірілген залал 250 млн теңгені құрады.
Сотталғандар әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.