АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі "Тарихи жады және тарихи білім: жаңа міндеттер мен жаңа тәсілдер" атты конференцияға қатысты.
Конференция барысында Қазақстан мен Ресейдің тарих ғылымы мен тарихи білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастығын тереңдету, өңіраралық және мемлекетаралық деңгейде бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды.
Алексей Бородавкин өз сөзінде конференция ресейлік-қазақстандық ғылыми байланысты нығайтуға және ынтымақтастықтың жаңа форматтарын іздеуге ықпал ететінін айтты.
"Ресей мен Қазақстанды жүзжылдық ортақ тарих біріктіреді. Бүгінгі аласапыран заманда тарихи жадыны сақтау мәселесі ерекше өзекті болып отыр. Тарихты қазіргі саяси мақсатта және жеке мемлекеттің мүддесі үшін бұрмалау – қазіргі заманның үлкен сын-қаупінің бірі. Бұл сынға ойдағыдай қарсы тұру үшін тарих ғылымының дамуына мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейде толық жауапкершілікпен қарау керек. Тарихи ақиқат – оны бұрмалаушыларға қарсы ең тиімді құрал екеніне сенімдімін. Бұл салада ресейлік және қазақстандық сарапшылардың белсенді жұмыс істеп жатқаны қуантады", - деді ресейлік елші.