Путин Тоқаевты Жеңістің 80 жылдығына арналған Мәскеудегі іс-шараларға қатысуға шақырды

Sputnik
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Біздің елдеріміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуге дайындалуда, деді Тоқаев.
Ортақ тарихқа деген құрмет әрдайым Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығына арқау болары сөзсіз, деді Қазақстан президенті Ресейде шығатын "Известия" газетіне жарияланған мақаласында.
"ХХ ғасырда біздің халықтарымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңіп, ауыр сынақты бірге еңсерді. Қазақстандықтар қан майданда жан аямай соғысты. Қазақстан армияны керек-жарақпен және азық-түлікпен қамтамасыз етіп, сенімді стратегиялық тыл болды. Эвакуация кезінде жүздеген мың отбасы қазақ жерінен пана тапты. "Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды" деген сөз қазақстандықтар үшін жалаң ұран емес. Бұл ұғым майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің қайталанбас ерлігі ел жадында мәңгі сақталатынын білдіреді. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыс та қарқынды дамып келеді. Көпшілік көңілінен шығатын мәдениет күндері, фестивальдер мен көрмелер тұрақты өткізіліп тұрады"- деді Тоқаев.
Ресей Президенті де бұл датаның біздің халық үшін маңызына тоқталды. Сондай-ақ ол қазақстандықтарды фашизмді жеңген Жеңістің 80 жылдығына арналған алдағы мерекелік шараларға белсенді қатысуға шақырды.
"Келесі жылы біздің елдеріміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын атап өтетінін ерекше айтқым келеді. Біз президент Тоқаевты және басқа да қазақстандық достарды 9 мамырда Мәскеуде өтетін мерейтойлық салтанатты іс-шараларға қатысуын күтеміз. Ресейде де, Қазақстанда да нацизмге қарсы иық тіресе күрескен бабалардың ерлігін еске алып, қастерлейді. Сондықтан өскелең ұрпақ бейбітшілік пен бостандық қандай жолмен келгенін білуі керек", - деді Путин.
Ресей президенті бұл әсіресе тең құқықты ынтымақтастыққа негізделетін және егеменді дамудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатын әділетті көпполярлы әлемдік тәртіп қалыптасып жатқан қазіргі уақытта өте маңызды екенін айтты.
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған портал іске қосылды