АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Венгрияға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге барған "ҚазМұнайГаз" басшысы Асхат Хасенов Венгрияның MOL Group мұнай-газ концернінің басшысы Жолт Эрнадимен кездесті.
Мұнайшылар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарларын талқылап, Рожков кен орнындағы алдағы іс-шаралар туралы әңгімеледі.
"Биылғы жылдың 10 айында Рожков кен орнында 222 миллион текше метр газ және 166 мың тонна конденсат өндірілді. Компаниялар газ өндіруді жылына 700 миллион текше метрге, конденсатты 400 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік беретін жобаны қолға алуда", - деп жазылған ҚазМұнайГаз хабарламасында.
Инновациялық технологияларды зерделеу үшін "ҚазМұнайГаз" делегациясы MOL Group Chemicals компаниясының өндірістік нысандарын, атап айтқанда, Тисауйварош қаласындағы MOL Polyol Complex зауытын аралады.