Алматыда жер сілкінді: ТЖД дабыл жүйесі неліктен іске қосылмағанын түсіндірді

Sputnik
АЛМАТЫ, 5 қазан - Sputnik. Жер сілкінісінен кейін Алматы қаласы мен Алматы облысында ғимарттар мен нысандарға зақым келген жоқ, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Сондай-ақ адам шығыны мен зардап шеккендер де жоқ.
"Қазселденқорғау" мамандары өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстарды, көшкін қауіпті және сел қауіпті учаскелерді зерттеу бойынша мониторинг жүргізді. Полиция да нысандарды аралап тексеріп жатыр", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қала тұрғындарынан "112" желісіне 50-ге жуық қоңырау келіп түскен. Солардың басым бөлігі жер сілкінісі кезінде дабыл жүйесі неліктен іске қосылмағаны туралы сұрақ қойған.
Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті дабыл жүйесі қандай жағдайда іске қосылатынын түсіндірді.
"Сиреналық және дауыс зорайтқыш құрылғылар мен Mass Alert жүйесі магнитудасы 5,5 балл және одан жоғары сейсмикалық датчиктерден сигнал түскен жағдайда автоматты режимде толық іске қосылады. Осыған байланысты ешқандай ескерту болған жоқ", - деп хабарлады ТЖД.
Еске салсақ, бүгін сағат 10:00-де сейсмикалық станциялар желісі Алматы қаласы мен Алматы облысында жер сілкінісін тіркеді. Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 шақырым жерде орналасқан.
Алматы қаласы, Түрген, Өтеген батыр ауылдарында 3 балдық, Талғар, Есікте 4 балдық жер сілкінісі тіркелді.
Алматыда жер сілкінісі туралы халықты жедел құлақтандыру жүйесі енгізіледі