"Кезби" компаниясының атқарушы директоры ұсталды

Ол компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін бөлінген 321 млн теңгені жымқырды деген күдікке ілінді
Sputnik
АСТАНА, 3 қараша– Sputnik. "Кезби" мұнай компаниясының атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

"ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті "Кезби" ЖШС атқарушы директоры Ержан Кезбаевқа қатысты ҚК 190-бабының 4-бөлігі 2-тармағы ("аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады", - деп жазылған хабарламада.

Ол компания қызметкерлеріне жалақы төлеу үшін "Өзенмұнайгаз" АҚ бөлген 321 млн теңгені жымқырып, сондай-ақ 1,5 млрд теңгеге жуық сомаға салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінді.
2021 жылы "Кезби" ЖШС "Өзенмұнайгаз" АҚ-мен бригада үшін сағатына 65 мың теңге бағамен қызмет көрсету шартын жасасқан. Кейіннен еңбекақы мен медициналық жәрдемақының өсуін қоса алғанда, жұмысшылар үшін әлеуметтік пакетті жақсарту мақсатында қызмет бағасы бригада үшін сағатына 87 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
Алайда қаражаттың едәуір бөлігін, атап айтқанда 321 млн теңгені компания басшысы қызметкерлер үшін жұмсамай, жымқырған.
2024 жылғы 3 қарашада күдікті Кезбаев ұсталды. Қазіргі уақытта қылмыстың мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың сәуірінде "Кезби" ЖШС жұмысшылары басшылық уәде еткен жалақы мәселесінің шешілмеуіне байланысты бейбіт митинг өткізген болатын.
Жұмысшылар жұмыс уақытын есептеу табелінде 11 сағат көрсетілгенін, ал іс жүзінде 12 сағат жұмыс істейтіндеріне шағымданды. Мұнайшылардың айтуынша, компания олармен ұжымдық келісімшарт та жасасапаған.
"Кезби" қызметкерлері наразылықты бір айға жуық уақыттан кейін тоқтатты.
"Ереуіл аяқталды. Бұл біздің ортақ жеңісіміз, енді мен осы жеңістің жемісін көргім келеді. Елордада бізге ас әзірлеп, қонаққа шақырған барша Қазақстан халқына, көпбалалы аналарға алғыс білдіреміз", - деді "Кезби" ЖШС жұмысшыларының бірі.
Өңірлер
Жаңаөзенде ереуілге шыққан мұнайшылардың талабы орындалды