Мүгедектігі бар адамдардың тек 28 пайызы жұмыспен қамтылған

Sputnik
АСТАНА, 1 қараша - Sputnik. Елдегі мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамту деңгейі небәрі 28%-ды құрайды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті.
"Мүгедектігі бар адамдар халықтың экономикалық жағынан ең осал топтарының бірі болып табылады. Мемлекет тарапынан жұмыспен қамту шаралары қабылданғанына қарамастан, елдегі мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамту деңгейі небәрі 28%-ды құрайды. Ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде бұл көрсеткіш 60-70%-дан төмен емес", - деді Асқарбек Ертаев.
Вице-министрдің айтуынша, көптеген кәсіпорындар мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын сақтамайды және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді.
"Еңбекке жарамдылықты қалпына келтіруді, жұмысқа орналасуды немесе жаңа кәсіпке оқытуды қамтитын кәсіби еңбек оңалтуы баяу дамуда. Жұмысқа орналасудағы кедергілерге бейімделген жұмыс орындарының болмауы, тиісті білім мен тәжірибенің жеткіліксіздігі, төмен жалақы кіреді. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру шараларын әзірлеу аясында олардың еңбек құқықтарын реттеу, сақтау және қорғау бойынша нормативтік-құқықтық база қайта қаралатын болады. Бизнеске әлеуметтік жауапкершілікті арттыру және мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін жұмыс берушілерге квотаны орындамаған жағдайда бюджетке өтемақы төлемдерін енгізу механизмі қарастырылуда", - деп түйді сөзін спикер.
Жетісуда шенеунік мүгедектік құжаты үшін 450 мың теңге пара алып отырған