Республика күні: Қазақстанда ұлттық мереке тойланып жатыр

Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам
Sputnik
АСТАНА, 25 қазан – Sputnik. Бүгін Қазақстанда ұлттық мереке - Республика күні тойланып жатыр. Бұл мейрамды қазақстандықтар ұзақ уақыт тойлаған жоқ. Ал 2022 жылы дүркіретіп атап өтті. Sputnik Қазақстан еліміздің басты мейрамының тарихын шолып шықты.

Тәуелсіздікке жол ашқан маңызды құжат

1990 жылдың 25 қазанында "Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болып саналады. Соның негізінде тәуелсіздік жарияланды.
Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда тойланды. Ал 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет "ұлттық мереке" болып жарияланды. Дегенмен Тәуелсіздік күніне көбірек басымдық берілді. Содан 2001 жылы Республика күні ұлттық мәртебеден айырылып, "мемлекеттік мерекелер" санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлдем алынып тасталды.
2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтаруды ұсынды. Мемлекет басшысы оған "ұлттық мереке" мәртебесін беріп, Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өтуге бастама көтерді. Осылайша он жылдан астам уақыт бойы тойланбаған Республика күні қайта түледі.
Тоқаевтың бастамасы халықтың қолдауына ие болып, дәл сол жылы заңға тиісті өзгеріс енгізілді. 2022 жылы Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті.
Айта кетері, Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам.

Тоқаевтың ұстанымы

Биыл Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін ерекше атап өтті. Себебі еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күн қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауы болды.
"Шын мәнінде, біздің барлық жетістігіміз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтан бастау алады. Бұл – ұйысқан ұлт, мықты мемлекет болудың басты кепілі. Елде тұрақтылық болмаса, ешқандай даму болмайтынын қазір әлемде болып жатқан оқиғалардан анық аңғаруға болады. Өкінішке қарай, көптеген елдер алауыздық пен түрлі жанжалдың кесірінен тоқырауға ұшырап отыр. "Бірлік бар жерде ғана тірлік бар". Бұл – ақиқат. Біз елімізде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ең алдымен, халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің арқасы. Себебі, біз таңдаған жол – өркендеу мен даму жолы. Бүгінде оның жемісін барша азаматтарымыз көруде", - деді Тоқаев.

Ұлттық мереке қалай тойланады

Республика күні қарсаңында президент жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталады.
Биыл да білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және ғылым қайраткерлері, өндіріс, бизнес салаларының көрнекті өкілдері, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар және еңбек ардагерлері өз марапатын алды.
Мәселен, "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы отандық ғылымды дамытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ қоғамдық қызметтегі аса үздік еңбегі үшін Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаевқа, елдің әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері үшін Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Г.Нұрпейісоваға, Орал қаласы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Э.Траисоваға және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Қарағанды облысы "Шахтерское" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Георгий Прокопқа табысталды.

Республика күніне арналған шаралар

Ұлттық мейрам кезінде республика бойынша сан алуан мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Өңірлерде түрлі концерттік бағдарламалар, фестивальдер, флешмобтар, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді.
Қазақстанның елордасы – Астана қаласында 100-ден астам мәдени-бұқаралық, білім беру, спорттық және әлеуметтік іс-шара, соның ішінде мерекелік концерт, көрме, дөңгелек үстел, ұлттық спорт түрлері бойынша турнирлер және басқа да көптеген іс-шара өткізу жоспарланған. Ал кешкі сағат 21:00-де отшашу болады. Алматыда дрондар шоуы өтеді.
Республика күні - ұлттық мереке. Бұл күні қазақстандықтар демалады.