АСТАНА, 5 қыркүйек – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті әлемде маймыл шешегінің өршуіне байланысты шекара арқылы өтетін барлық өткізу пунктінде санитариялық-карантиндік бақылауды күшейтті, деп хабарлады ведомство.
8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында денсаулық сақтау объектілері, шұғыл медициналық көмек бригадалары және инфекциялық стационарлар толық дайындалды.
"Қазіргі уақытта елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда", - деп жазылған хабарламада.
Комитет маймыл шешегі ауруы Қазақстанда анықталмағанын атап өтті.
"Дәрі-дәрмек, жеке қорғаныш және дезинфекциялау құралдарының азаймайтын қоры жасақталды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет зертханалары қажетті диагностикалық тест жүйелерімен жабдықталды", - деп мәлімдеді ведомство.
Комитет инфекцияның ықтимал таралуын болдырмау үшін гигиенаның негізгі ережелерін сақтауға шақырды.