Шымкентте жиналыс үстінде ұсталған шенеунікке сот үкімі шықты

Ол сыбайласымен бірге 216 көпқабатты тұрғын үйдің сейсмикалық жағдайын тексеруге бөлінген қаражатты жымқырған
Sputnik
АСТАНА, 27 тамыз – Sputnik. Шымкент қаласы әкімі өткізіп жатқан отырыста қолына кісен салынған лауазымды шенеунікке қатысты сот үкімі шықты.
Енді тұрғын үй басқармасы басшының орынбасары сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін 9 жылын түрмеде өткізеді. Оның сыбайласы болған кәсіпкер 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Qazaqstan.
Олар мегаполистегі 216 көпқабатты тұрғын үйдің сейсмикалық жағдайын тексеруге бөлінген қаражатты жымқырған. Яғни мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша техникалық зерттеу жүргізілмеген. Жұмыстар тек қағаз жүзінде атқарылған.
Осылайша мемлекеттің 367 миллион теңгесін қалтасына басқан. Жемқорлықпен тапқан ақшасына Түркістан облысы Қазығұрт ауданында монша кешенін салған. Сөйтіп қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастыруға тырысқан. Алайда сотталушылар кінәсін мойындаған жоқ. Сот үкімі әлі күшіне енбеді.
"Екі сотталушының кінәсі толығымен дәлелденді. Көрсетілген аттестатталған сейсмикалық қорытындылары жалған. Бұдан бөлек Оразбаев бүкіл мемлекеттік сатып алу шартына басқалардың атынан қол қойған", - деп түсіндірді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соттың төрағасы Айнель Орақбаева.
Шымкентте шенеунікті әкімдік отырысы өтіп жатқан кезде ұстап әкетті