АСТАНА, 23 тамыз — Sputnik. Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан ер адам екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Жоғарғы сот хабарлады.
Сотталушының кінәсі комиссиялық сот-медициналық сараптама қорытындысымен, куәлардың айғақтарымен және оқиғаның бейнежазбасымен дәлелденген.
"Прокурор мен жәбірленушінің өкілі 3 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны кесуді, 12 160 теңге материалдық залал және 5 000 000 теңге моральдық зиянды өтеуді сұраған", - деп жазылған хабарламада.
Қорғаушы тарап бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Жаза кесу кезінде сот сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мынадай мән-жайларды қарастырған:
жасаған ісіне шын жүрекпен өкінуі;
жас балаларының болуы.
Қызметтiк, кәсiптік борышты орындау кезінде осы адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды.
"Сот үкімімен Д., ҚК-нің 107-бабының 2-бөлігінің 5) тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілігін ескере отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза кесілді", - деп хабарлады сот.
Талап қою талаптары ішінара қанағаттандырылды, 2 млн теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу сомасы, жәбірленушінің еміне жұмсалған материалдық залал 12 160 теңге мөлшерінде, сондай-ақ өкілдің қызметтеріне ақы төлеу жөніндегі шығыстар 700 мың теңге мөлшерінде өндірілді.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.