АЛМАТЫ, 18 тамыз - Sputnik. Қазақстанда маймыл шешегі тіркелген жоқ. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның айтуынша, елге инфекцияның келуіне жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылданған.
"Бүгінгі таңда Қазақстанда маймыл шешегінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Әуежайлар мен шекара өткелдерін қоса алғанда, санитариялық-карантиндік пункттерде бақылау шаралары күшейтілді. Маймыл шешегі тіркелген елдерден келген азаматтарға назар аударылады", - дейді министрлік.
Инфекцияның таралуын болдырмау үшін денсаулық сақтау министрлігі эндемиялық елдерге сапар шегуді жоспарлап отырған азаматтарға келесідей сақтық шараларын сақтауды ұсынады:
1. Ауру жұқтырған адамдармен және жабайы жануарлармен байланыста болудан аулақ болу.
2. Қорғаныс құралдарын қолдану. Жануарлармен немесе олардың өнімдерімен байланыста болған кезде қорғаныс киімдері мен қолғаптарын қолдану маңызды.
3. Гигиена сақтау. Қолды үнемі жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдану инфекцияның таралу қаупін азайтуға көмектеседі.
4. Аса қажеттілік туындамаса, маймыл шешегі тіркелген елдерге шықпау.
5. Алғашқы белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгініңіз. Егер дене қызуы көтеріліп, бөртпе, және басқа да белгілер пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек.
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстайды және кез келген өзгерістерге жедел ден қоюға дайын, дейді ведомство.