АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкіметтің мәліметінше, осы уақыт аралығында елімізде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұл өсім – мал шаруашылығындағы өнім көлемінің 3,5%-ға, өсімдік шаруашылығында өндірістің 3%-ға артуына байланысты.
Тірі салмақта ет өндіру 4,1%-ға өсіп, 878,7 мың тоннаға жетті. Сүт өндірісі 4,8%-ға артып, 1,7 млн тоннаны құрады, ал тауық жұмыртқасын өндіру 0,3%-ға өсіп, 2,1 млрд данаға жетті. Өңірлер бойынша ең жоғары өсу қарқыны Түркістан, Қостанай, Алматы, Павлодар, Жамбыл, Қызылорда және Атырау облыстарында байқалады.
Сондай-ақ бірінші жартыжылдықта ірімшік пен сүзбе өндірісі – 16,8%-ға, өңделген күріш – 11%-ға, өсімдік майы – 9,3%-ға, ашытылған сүт өнімдері – 5,6%-ға өсті.
Өсімдік шаруашылығында жалпы өнім көлемі 72 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға артық. Ерте пісетін көкөніс пен дәнді дақылдар өсімге негізгі үлес қосты.
Сонымен қатар азық-түлік өндірісіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5,4%-ға артып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 68,7 млрд теңгені құрады.
Мал шаруашылығындағы статистиканы нақты көрініске келтіру жұмыстары аяқталды. Ұлттық статистика бюросымен және облыс әкімдіктерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде 2 млн бас мал, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды.