Қордайда дауыл кезінде зардап шеккен жігіттің жағдайы ауыр

Науқастың аяқтары жансызданып қалған
Sputnik
АЛМАТЫ, 18 шілде – Sputnik. Жамбыл облысы Қордай ауданы Беріктас ауылының тұрғынын қора басып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Аудандық аурухананың мәліметінше, науқастың жағдайы ауыр дейді.
Қатты дауыл мен нөсер жаңбыр кезінде сарай опырылып құлап, оның қабырғасы 18 жастағы жігіттің үстіне құлаған.
"Науқас 17 шілдеде сағат 19:00 шамасында ауруханаға өте ауыр жағдайда түсті. Қабылдау бөлімінде хирург, травматолог, қабылдау бөлімінің дәрігері, реаниматолог қарады. Рентгенге түсірді. Реанимацияға жатқызылған", - дейді дәрігерлер.
Дәрігерлердің айтуынша, жігіттің бас және бет сүйегі, омыртқасы сынған. Зәр шығару функциясы бұзылған, жұлынынан 1-2 дәрежелі соққы алған. Науқастың жағдайы ауыр. Аяқтары жансызданып қалған.
Еске сала кетейік, кеше Жамбыл облысы Қордай ауданында қатты ұйытқыған дауыл мен нөсер жаңбыр тұрғындарды әбігерге салды. Салдарынан шаруа қожалықтары зардап шекті.
Жамбыл облысында нөсер жаңбыр салдарынан 700-ге жуық мал қырылды