АСТАНА, 30 мамыр – Sputnik. А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында ересек пациенттерге бүйректің айқас трансплантациясы жасалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Айқас трансплантация кем дегенде екі сәйкес келмейтін жұпқа донорларды алмастыру қағидаты бойынша жасалады. Мәселен, туысқан донор реципиентке медициналық көрсетілімдер бойынша сәйкес келмесе, сондай проблемасы бар басқа донор таңдалады. Ал ол кісінің туысы доноры келмей қалған адамға бүйрегін береді.
"Қазір біздің республикамызда да осындай операциялар практикаға енгізілді. Айқас трансплантаттау екі жұптың - қан тобы бойынша өзара сәйкес келмеген күйеуі-әйелі және қызы мен анасының арасында жасалды. Бұл пациенттер ұзақ жылдар бойы бағдарламалық гемодиализде болды. Өкінішке орай, науқастар ұзақ уақыт гемодиализде бола алмайды, өйткені уақыт өте келе олардың жағдайы біртіндеп нашарлайды, өйткені гемодиализ донорлық ағзаға балама бола алмайды", - дейді дәрігерлер.
Мамандар бүйректің айқас трансплантациясы үшін бәрін мұқият зерттеп, үйлесімділікті бағалап шықты. Осылайша екі күннің ішінде екі бүйректі трансплантаттау сәтті орындалды, екі бүйрек те сіңісе бастады.
Пациенттердің денсаулық көрсеткіштері тез жақсарып келеді. Екеуі де ауруханадан шығуға дайындалып жүр.