АСТАНА, 1 мамыр – Sputnik. Қазіргі уақытта республика бойынша 41 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралды, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
"Осы сағатта республика бойынша 41 005 адам өз үйлеріне оралды. 6 405 адам эвакуациялау пункттерінде. Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында 7 184 тұрғын үй мен 2 844 аула аумағынан судың бағыты бұрылып, су сорылды", - деп хабарлады министрлік.
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында, Атырау облысының Құлсары қаласында, Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында жағалауды нығайту жұмыстары, су басқан аумақтардан су сору және судың бағытын бұру жұмыстары жүргізілуде.
Бұған дейін Алматы қаласынан, Жетісу және Алматы облысынан Батыс Қазақстан облысына көмекке барған төтенше жағдайлар министрлігі күштері мен құралдарының бір бөлігі тұрақты орналасу орындарына қайтарылып жатыр.
Су тасқыны бастағалы бері 13,4 млн астам текше метр еріген қар суы сорылды, 7,6 млн астам қапшық және 1,5 млн астам тонна инертті материал төселді.
Авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 17 мыңнан астам адам, 1 773 техника, 271 су сору құралы және 184 жүзу құралы, 7 әуе кемесі жұмылдырылды.
Министрліктің хабарлауынша, Атырау облысында Жайық өзені су деңгейіне мониторинг жүргізу жалғастырылып жатыр.