АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Алматыда Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері кездеседі. Бұл туралы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен телефон арқылы сөйлескенде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, Әлиев пен Блинкен 28 сәуірде сөйлесті. Осы уақытқа дейін екі елдің комиссиялары бірнеше рет талқылау өткізді. Соның нәтижесінде Әзербайжан мен Армения шекараны делимитациялау бойынша келісімге келді.
"Мемлекет басшысы қазақстандық тараптың ұсынысы бойынша Әзербайжан мен Арменияның сыртқы істер министрлері жақын арада Алматыда кездесетінін де хабарлады. Сол жерде бейбіт келісімге қатысты келіссөз жалғасады", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, наурыз айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мемлекеттік сапармен барып келді. Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылықты дамыту орталығы ашылды. Қазақстандық құрылыс компаниялары Физули қаласында орталық аурухананы салып беретін болды. Ал Ереванда өткен келіссөздер барысында Тоқаев Армения мен Әзербайжан арасындағы қатынасты тезірек реттеуге шақырды.