АСТАНА, 26 сәуір – Sputnik. Қазақстанда ауқымды су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды өтеу процесі жалғасып жатыр.
Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және республиканың өзге де облысының тұрғындары арнайы құрылған өңірлік комиссияларға тиісті өтініштерін беріп жатыр. Бүгінгі таңда 21 658 өтінім қабылданды.
26 сәуірдегі жағдай бойынша 12 642 отбасы 100 АЕК мөлшерінде 4,5 миллиард теңгеден астам мөлшерде біржолғы төлем алды. Қырылған мал үшін берілген өтемақы көлемі 211,5 млн теңгеге жетті.
Бүгінгі таңда зардап шеккен өңірлерде 3871 тұрғын үй тексеріліп, 2230 нысанда бағалау жұмыстары жүргізілді.
468 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуге 645 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарында 49 отбасыға қираған баспаналарының орнына үй мен пәтер берілді.
"Шығынды өтеу жұмыстары жалғасып жатыр және үкіметтің қатаң бақылауына алынған. Президент тапсырмасы бойынша барлық зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек пен қолдау көрсетіледі", - делінген үкімет хабарламасында.