АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. Air Astana әуе компаниясы бір күн бұрын кешіктірілген рейстер Дубайдан қашан ұшатынын хабарлады.
"Әуежайды су басуына байланысты кейінге қалдырылған кешегі KC206 Дубай-Астана және KC898 Дубай-Алматы рейстері 17 сәуірде Дубай уақыты бойынша сағат 10.30 және 13.10-да ұшады", - делінген хабарламада.
Компания су басуы салдарынан жолдардың жабылуына байланысты жолаушылар терминалға орналастырылып, тамақпен, сусынмен және жамылатын жабдықпен қамтамасыз етілгенін айтты.
Рейстердің ұшу уақыты туралы ақпаратты әуе компаниясының сайтынан көруге болады.
Айта кетейік, бір күн бұрын, 16 сәуірде Дубайда қатты жаңбыр жауды. Жауын-шашын салдарынан әмірліктің кейбір көшелерінде қозғалыс мүмкін болмады. Көшелерді су басып, билік мемлекеттік қызметкерлерді үйден жұмыс істеуді сұрады. Мектептер онлайн оқытуға көшті.