АСТАНА, 8 сәуір – Sputnik. Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде су басқан аумақтардағы ауыз суда ішек инфекциялары бар деген хабарламалар таралды. Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Су тасқыны жағдайына байланысты санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды. Су тасқыны кезеңіне тән инфекциялар бойынша жағдай тұрақты деңгейде. Барлық объектілерде жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында СЭҚ органдары ауыз сумен жабдықтауды бақылауды күшейтті", - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, су тасқыны басталғаннан бері санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге 4 мыңнан астам ауыз су сынамаларын іріктеу және зерттеу жүргізілді. Судың сапасы мен қауіпсіздігінің зертханалық мониторингінің нәтижелері бойынша жұқпалы аурулар су ошақтарының пайда болу қаупі жоқ.