АСТАНА, 23 наурыз – Sputnik. Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі қазақстандықтарға алғыс білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәскеудегі "Крокус" орталығында болған теракт салдарынан 60-тан астам адам қаза тапты, жүздеген адам жарақат алды. Осы оқиғадан кейін Астанадағы елшілікке, сондай-ақ Алматыдағы дипломатиялық өкілдіктің ғимаратына гүл апарып жатқан және көңіл айтып жатқан қазақстандықтардың легі толастамай жатыр. Осыған байланысты елшілік Қазақстан халқына өз ризашылығын білдірді.
"Қазақстан басшылығы, қоғам өкілдері, отандастар мен қарапайым қазақстандықтар тарапынан Мәскеудегі терактінің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты елшілікке көптеген қоңыраулар мен хат-хабарлар түсіп жатыр. Көңіл айтқан және тілектестік білдіріп жатқан Ресейдің барлық достарына алғыс айтамыз", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, қазақстандықтар кеше түнде Crocus City Hall ғимаратында болған қайғылы оқиғаға байланысты Астана мен Алматыдағы Ресей дипломатиялық өкілдіктеріне гүл шоқтарын әкеліп жатыр.