Батыс Қазақстанда "Спортты дамыту дирекциясының" экс-директоры қамауға алынды

Тергеу дерегі бойынша күдікті 57 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған
Sputnik
АЛМАТЫ, 14 ақпан – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында "Спортты дамыту дирекциясы" РМҚК экс-директоры алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлады сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Ведомствоның мәліметінше бұрынғы директорға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
"Тергеу дерегі бойынша күдікті 2021-2022 жылдары алдау арқылы жалпы сомасы 57 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған. Бұл қаражатты БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы "Artsport" бағдарламасы бойынша жан басына қаржыландыру шарты шеңберінде "Ақжайық ФК" ЖШС-не бөлген", - деп жазылған хабарламада.
Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта қалған адамдардың қылмысқа қатысы тексеріліп жатыр.
Жамбыл облысында шенеунік пен серіктестік басшысы 8 жылға сотталды