Алматыда күндіз тағы да жер сілкінді

Sputnik
АСТАНА, 23 қаңтар – Sputnik. Алматыда күндізгі сағат 15.07-де тағы да жер дүмпуі сезілді, деп хабарлайды сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. Магнитудасы – 4,9. Алматылықтар 2 балдық дүмпуді сезінді.
Еске салсақ, 23 қаңтар сағат 00.09-да Алматыда 5 балдық жер сілкінісі болды. Сағат 00:44-те Алматыда жүр дүмпуі қайталанғаны, екінші жер сілкінісі шамамен 2-3 балл болғаны хабарланды.
Түнгі сағат 01:00-ден бастап Алматыда жеңіл және орташа ауырлықтағы түрлі жарақат алған 44 адам медициналық көмекке жүгінді.
Түнде болған Алматыдағы жер сілкінісінің толқыны Астанада да сезілді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыда болған жер сілкінісінің сейсмикалық толқыны әжептәуір қуатты болғанын айтты. Ол Алматыдағы жер сілкінісін өзге өңірлер неліктен сезгенін түсіндіріп берді.
Алматылықтарға жер сілкінісі туралы SMS-хабарламалар неліктен жіберілмеген