Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа тағы бір айып тағылды

Ал Нүкенова көз жұмған Гастро-орталықтың директорына қатысты тергеу аяқталды
Sputnik
АСТАНА, 17 қаңтар – Sputnik. Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің тағы бір бабы бойынша айып тағылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Бишімбаев "аса қатігездікпен кісі өлтіру" ісі бойынша тергеуге алдыған болатын. Енді, оған тағы бір айып тағылып отыр. Тергеушілер Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-тармағы, яғни "қинау" бойынша қосымша іс қозғады. Оны ішкі істер министрлігі де растап отыр.
Қосымша айып бойынша төрт жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру, ал "аса қатігездікпен кісі өлтіру" бабында 15 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал Нүкенова көз жұмған Гастро-орталықтың директорына қатысты тергеу аяқталды. Ол "Қылмысты жасырып қалу" бабы бойынша істі болып жатыр. Қазір тараптар материалдармен танысуды бастап кетті.
Еске сала кетейік, өткен жылдың 9 қарашасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы хабар қоғамды дүр сілкіндірген еді.
Кейбір БАҚ беттерінде Бишімбаевтың мас күйінде болғаны, тіпті есірткіге мас болғаны туралы хабарланды. Полиция марқұмның жедел жәрдем келгенше қайтыс болғанын айтты.
Қуандық Бишімбаевтың әйелінің өлімін тергеу барысында оқиға болған "Bau" мейрамханасы орналасқан Гастро орталық директоры қылмысты жасырды деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бұған дейін Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу жұмыстары аяқталғаны хабарланған болатын.
Бишімбаев неліктен мерзімінен бұрын бостандыққа шықты