Десе де, әттеген-айлар да жоқ емес. Sputnik Қазақстан 2023 жылғы спортшылардың жеңісі мен жеңілісіне шолу жасады.
Азия ойындары - 2023
Биыл Ханчжоудағы Азия ойындарында 524 қазақстандық спортшы спорттың 30 түрінен ел намысын қорғады. Сары құрлықтың басты бәсекесі 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтті. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын жарысқа еліміздің спортшылары 305 медаль үшін таласты. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 1994 жылдан бері Азия ойындарына қатысып келеді.
Өкінішке қарай, Азия ойындарында Қазақстанның әнұраны халық күткеннен де аз шырқалды. Ұлттық құрама өкілдері жеңіс тұғырының ең биік сатысына небәрі он рет көтерілді.
Дегенмен, ел құрамасының әлеуетін төмен деуге келмейді. Өйткені жүлделердің жалпы саны Қазақстанға Азиядағы көшбасшылар бестігіне кіруге мүмкіндік берді.
Азия ойындарының қорытындысы бойынша ұлттық құрама әртүрлі номинациядағы 80 марапатқа ие болды – ел қоржынына 10 алтын, 22 күміс және 48 қола жүлде түсті. Медальдық есеп жағынан Қазақстан 38 елдің ішінде 11-ші орынға тұрақтады. Министрліктегілер кейбір спорт түрлерінен Қазақстан құрлықтағы көшбасшы мәртебесіне де таласуы мүмкін екенін айтты. Оған мысал каратэден командалық есепте біздің құрама, тіпті Жапониядан да асып түсті.
Десе де, биылғы Азиада ойындары Қазақстан спортының қай тұсы олқы, қай бағытта басымдық таныту керектігін көрсетіп берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы Азиада ойындарында көбірек алтын алуға мүмкіндік болмағанына қынжылды.
Екі аптаға созылған бәсекенің бір ерекшелігі – келе жатқан жазғы Олимпиада жолдамаларының үлестірілуі. Бұған дейін сары құрлық ойындарында мұндай болмаған. Ханчжоу сайыс алаңдарында спорттың 9 түрінен лицензия сарапқа салынды. Олар: су добы, теннис, садақ ату, қазіргі бессайыс, бокс, көркем жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, желкенді қайық спорты. Қазақстан 4 жолдама ұтып алды.
Тарихи сәт: Ризабек Айтмұхан – еркін күрестен қазақтың алғашқы әлем чемпионы
Биыл Қазақстанның атын тарихта қалдырған спортшылардың бірі – Ризабек Айтмұхан. Ол еркін күрестен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ палуаны.
Ұлттық құрама спортшысы Ризабек Айтмұхан Сербия астанасы Белградта өткен күрестен әлем чемпионатында топ жарды.
Еркін күрестен 92 келіге дейінгі салмақтың финалында Ризабек əзербайжандық Осман Нурмагомедовпен күш сынасып, жеңіске жетті. Есеп: 5-2.
Жалпы егемендік алғаннан бері өкінішке қарай, әлем чемпионатында еркін күрестен алтын бұйырмап еді. Ризабек сол алтынды алған тұңғыш әрі ең жас қазақстандық палуан болды. Осы жылдар ішінде ұлттық құрама 17 жүлдеге қол жеткізген. Оның бесеуі күміс, 12-сі қола медаль болды.
"Әлем чемпионы атану үшін 9 жыл еңбек еттім. Еңбегім ақталды. Бұл менің 92 келі салмақтағы соңғы жарысымның бірі. Келесі бәсекеден бастап Олимпиада бағдарламасына кіретін 97 кг дейінгі салмаққа ауысамын. Ендігі мақсатым – Олимпия ойындарында медаль алу", - деді 19 жастағы атлет ақтық айқастан кейін.
Айта кетейік, Ризабек бәсекеде мажарстандық Балаш Юхаш пен түркиялық Фейзулла Ақтүрікті ұтқан еді. Содан кейін осы салмақтағы қазіргі әлем рейтингінің көшбасшысы грузиялық Мириани Майсуразденің жауырын жер иіскетті.
Милад Карими – спорттық гимнастикадан әлем чемпионатының қола жүлдегері
Қазақстанның мәртебесін асқақтатқан тағы бір тарихи жарыс – Антверпен қаласында өткен спорттық гимнастикадан 52-ші әлем чемпионаты. Бұл чемпионатта жерлесіміз Милад Карими қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама көшбасшысы еркін жаттығудың финалында 14.600 ұпай жинап, үздік үштікті түйіндеді.
Тарихи дейтін жөні бар, өйткені бұл қазақ гимнастарының 1997 жылдан кейін әлем чемпионатында қол жеткізген жүлдесі. Ол кезде Сергей Федорченко Лозаннадағы додада бағанадан секіруден чемпион атанған.
Миладқа да 2023 жыл спорттағы берекелі жылы болды. Ол Баку қаласында өткен Әлем Кубогының кезеңінде еркін жаттығуда топ жарды. Содан кейін Әлем Кубогының сериясында осы санатта жеңімпаз атанды.
Ол сондай-ақ Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындары-2024 лицензиясын ұтып алды.
Әсем Орынбай – стенд атудан Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, әлем кубогінің жеңімпазы
Биылғы жылдың тағы бір олжасы Әсем Орынбай алып берген алтын болды. Қазақстандық мерген қыз Дохадағы Әлем Кубогының финалында жеңімпаз атанды. Ұлттық құрама спортшысы стенд атудың скит бағдарламасында ақтық сынға шығып, 51 балл жинады. Әсем алғашқы іріктеуден кейін финалға жолдама алған. Қазақтың мерген қызына қолайсыз ауа райы да кедергі бола алмады.
Биылғы маусымда Әсем Орынбай әр жарыста тұрақты өнер көрсетіп, бірнеше рет тұғыр биігіне көтерілді. Атап айтар болсақ, мамырда Алматыда өткен рейтингтік Әлем Кубогында жекелей сында топ жарып, ізін ала әріптесі Эдуард Ещенкомен бірлесіп күміс жүлдегер атанды. Жазда Лонатодағы (Италия) Әлем Кубогында аралас жұптар арасында (Эдуард Ещенкомен) 3-орын алған.
Халықаралық нысана көздеу федерациясы (ISSF) мұндай финалды араға 4 жыл салып ұйымдастырған. Бәсекеде 42 елден келген 179 үздік мерген бақ сынады.
Нысана көздеуден Ирназарова мен Сәдуақасова тарихи жүлдеге қол жеткізді
Бұл жарыста жанкүйер қай қызына қолдау көрсетерін білмей қысылғаны бар. Өйткені Әзербайжан астанасында өткен нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионатында Қазақстанның қос мерген қызы суырылып алға шығып, алтынды сарапқа салды. Бұл – нысана көздеуден 53-ші әлем чемпионаты.
Ауыспалы ритммен (баяу немесе жылдам) 10 метрден жылжымалы нысана көздеуде бас жүлде үшін талас соңғы сәтке дейін жүрді. Негізгі кезеңде 378 ұпаймен тең түскен қазақстандықтар – Зухра Ирназарова мен Александра Сәдуақасова екеуара алтынды сарапқа салды. Бұл жолғы финалда Александра мергендік танытып (19-13), чемпион атанды. Бұдан бұрынғы сында Зухра алтын, Александра күміс жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, Александра былтыр Францияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарған. Биыл ол ересектер арасында да үздік екенін дәлелдеді.
Бұл байрақты додада Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен жалпы есепте 9-орынға көтерілді. 101 мемлекеттен келген 1250 спортшы сынға түсті. Келесі жылы өтетін Париж Олимпиадасының 48 жолдамасы сарапқа салынды. Қазақстан құрамасы сапынан Ислам Сатпаев Олимпиада ойындарының лицензиясын жеңіп алған.
Сенсация: Әлішер Сүлейменов аты аңызға айналған шахматшы Магнус Карлсенді жеңді
Доха қаласында өткен Qatar Masters Open бәсекесінің 2-турында Әлішер Сүлейменов аты аңызға айналған шахматшы Магнус Карлсеннен басым түсіп, сенсация жасады.
Ұлттық құрама ойыншысы ақ түсті фигуралармен өнер көрсетті. Матчты сәтсіз бастаған әлем рейтингінің көшбасшысы 31 жүрістен кейін жеңілгенін мойындады.
23 жастағы Әлішер – Павлодар шахмат мектебінің түлегі.
Qatar Masters Open – әлемдегі ең беделді шахмат турнирінің бірі. Мұнда ФИДЕ рейтингі 2300-ден жоғары ойыншылар ғана сынға түсе алады. Биыл 44 елден 252-ден астам шаршы тақта шебері жиналды. Оның ішінде 8 шахматшының рейтингі 2700-ден асқан, ал 60-тан астамы гроссмейстер атағын алғандар. Турнирдің жүлде қоры 108 250 АҚШ доллары. Бас жүлде – 25 000 доллар.
Euro-2024: футболдағы тарихи сәт
Биыл қазақстандық футболшылар Еуро-2024 аясында топтық іріктеуден бірден чемпионатының келесі кезеңіне шыға алатын еді. Команданың жеңісті жолы 26 наурызда басталды. Футболшыларымыз өз алаңында Даниядан 0:2 есебімен ұтылып жатып, екінші таймда ойынды өз пайдасына шеше білді. Қорытынды есеп – 3:2. Жанкүйерлер сол күнгі стадиондағы эмоцияны әлі күнге дейін ұмытқан жоқ. Ал Асхат Тағыберген соққан гол Еуро-2024 чемпионатының іріктеу кезеңінде ең үздік гол деп танылды.
Дания құрамасынан кейін Сан-Марино мен Солтүстік Ирландияны жеңдік. Содан соң Финляндияны өз алаңында ұттық. Өкінішке қарай, Словениядан екі рет жеңілдік. Әйтпесе, бірден келесі кезеңге шығатын едік. Дегенмен, Ұлттар лигасы арқылы Еуро-2024 чемпионатына жолдама ұтуға болады. Ол үшін алдымен Грекияны, содан соң Грузия – Люксембург жұбының жеңімпазын жеңу керек.
Еуропа чемпионаты 2024 жылдың 14 маусымында басталады. Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024-ке шыққан жағдайда "F" тобында Түркия, Португалия және Чехия командаларымен кездеседі.
Ал Ұлттар лигасының плей-офф матчтары 2024 жылдың 21 және 26 наурыз күндері өтеді. Плей-офф кезеңі: Жартылай финал 21.03.2024. Грекия – Қазақстан. (Афина, Грекия); Финал 26.03.2024. Грекия/Қазақстан – Грузия/Люксембург. (Грузия/Люксембург).