АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында әлеуметтік мекемелерге көкөніс жоғары бағамен жеткізілгенін анықтады.
Мәселен, ШҚО-да Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығына 1 келі сәбіз 325 теңгеден, ал қырыққабат 380 теңгеден жеткізілген. Агенттіктің өңірлік департаменті араласқаннан кейін жеткізу тізбегінен делдал алынып тасталды, ал көкөніс бағасы 2 есеге төмендетілді (сәбіз 120 теңгеге дейін, қырыққабат 180 теңгеге дейін).
Сондай-ақ СҚО-да жеке кәсіпкер 50 млн теңгеден астам сомаға аудандық балабақшаларға көкөніс сату бизнесін ұйымдастырған. Картоптың бір келісі 250 теңгеден жеткізілген, алайда оның сауда нүктелеріне сату бағасы 43%-ке арзан болған (141 теңгеден).
Бұл келесі жылы Солтүстік Қазақстанда азық-түлік сатып алуда шамамен 22 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның көтерілуіне жол бермеу бойынша алдын алу шаралары аясында алдағы жылға арналған шарттар қайта қаралды.
Агенттік әлеуметтік азық-түлікті жеткізу кезінде сауда үстемесі сатып алу бағасының 15%-інен аспауы керек екенін еске салды.