Бала 18 жасқа толғаннан кейін Ұлттық қордан қанша ақша алады

Қазақстандық балалардың шотына Ұлттық қордың ақшасы келесі жылы ақпан айынан бастап түсе бастайды
Sputnik
АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында кәмелетке толған баланың шотында қанша ақша жиналатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Егер осы жүйеге бала дүниеге келген кезден бастап қатысса, 18 жасқа толғаннан кейін 3 мың доллардан 4 мың долларға дейін алады", - деді Жамаубаев үкіметте өткен брифингте.
Айта кетері, бір ай бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері туралы заңға қол қойды.
"Ұлттық қор – балаларға" жобасы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылады. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-і балалар 18 жасқа толғанға дейін олардың арнайы жинақтау шоттарына ақпан айынан бастап аударылады. Бұл ақшаны мерзімінен бұрын алуға тыйым салынады.
Бала кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын баспана сатып алуға немесе оқу ақысын төлеуге жұмсай алады. Алайда бала азаматтығын өзгерткен немесе жоғалтқан жағдайда төлем алу құқығынан айырылады. Ұлттық қордан берілетін қаражатқа салық салынбайды.
Есепшоттағы ақша доллармен жинақталады. Ал төленетін кезде сол күнгі курспен теңгеге аударылады.
"Ұлттық қор – балаларға": шотқа ақша аудару және оны алу процесі қалай жүреді