Дегенмен, тарихта өз ізін қалдырды. Sputnik Қазақстан Мамаш хан туралы қызықты деректерді ұсынады.
Мамаш ханның шығу тегі
Мамаш хан – Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі, Жәнібек ханның немересі. Ол шамамен 1450-60 жылдары дүниеге келген.
Мамаш сұлтан қайраткерлігімен де, қолбасышлығымен де ерекше көзге түспесе де, әке жанынан бір елі қалмай, ылғи жанында жүрді. Шайбаниліктерге қарсы соғыста да, атап айтқанда, олардың Ұлытау маңындағы Қасым хан ордасына жасаған жорықтарында да, әкесінің Сыр бойындағы қалаларды бағындыру әрекеттерінде де, оның Ташкентке жорығында да хан әскерінің бір қанатын басқарды. Әкесінің моғол хандарымен келіссөздерінің де куәгері болды. 1513 жылы моғол ханы, шағатайлық Сайд хан Қасым ханның Ордасына келгенде оны қарсы алуға Қасым хан өзі бармай, 30-40 сұлтанды жібереді. Мұхаммед Хайдар Дулатидің жазбаларына сәйкес, олардың ішінде Мамаш хан да болған. Бұл Мамаш ханның 1513 жыл жазба деректерде алғаш рет көрінуі еді. Ал "хан" деген мәртебелі атпен жазылуына қарағанда ол да Жаныш, Таныш хандар секілді Қазақ хандығындағы көп ұлыстардың біріне иелік еткен.
Сол кезде туыстас ағалары Жаныш пен Таныш сұлтандардың сақалдарын боз қырау шалып, жастары алпысты алқымдап қалса, Мамаштың өзі әлі де елуге жете қоймаған қайратты шағында болатын. Осылайша, Қасым хан өзінің болашақ мұрагерін мемлекеттік және әскери істерге тікелей араластырып отырды. Ауыр науқастан қажып, төсек тартып жатқанда өзінің мұрагері ретінде соңында қалып бара жатқан ұлына соңғы ақылдарын да айтқан. Бірақ барлық сұлтанды жинап, Мамашт өзінің мұрагері ретінде табыстап үлгермеді.
Қасым хан ноғайлардан тартып алған Сарайшық қаласындағы ордасында жан тапсырды. Соңында екі ұлы және екі қызы қалды. Олардың үлкені ол тұста 60-ты алқымдап қалған Мамаш еді. Ал екінші ұл Ақназар болса әлі буыны қатая қоймаған балаң жігіт болатын.
"Тарихи Рашиди" авторының жазуына қарағанда, Қасым хан өлгеннен кейін қазақ сұлтандары арасында билік үшін тартыс басталған.
Мамаш ханның билікке келуі
Қасым ханның уәзірлері таққа жасы біразға келіп, қайраты қайта бастаған Мамашты қалайда отырғызуға тырысты. Алайда ноғай мырзаларының ықпалына түскен кейбір сұлтандар қырын қарап, Қасым ханның алғашқы әйелінен туған Мамашты таққа отырғызуға асыға қоймады. Олардың біразы маңғыттардың айтуымен әлі де жас, алайда Қасымның өмірінің соңғы жылдарында әскери істерге араласа бастаған, тіптен кезінде хан ордасындағы күзет әскерін басқарған Хақназарды хан тағына отырғызуды қол көрсе, біраз сұлтандар өздерінің жеке мүдделерін көздеп, хан тағына лайық тұлғаны Қасым ханның басқа бауырларынан тараған ұрпақтар арасынан іздестіре бастады. Мұның өз ықпалды сұлтандар арасындағы бұрыннан келе жатқан текетіресті өршіте түсті. Алайда осындай шырғалаңда Қасым ханның өсиетіне адал топ бәрібір басым түсіп, ақыры Мамашты ақ киізге отырғызып, хан көтерді.
Мамаштың қолына мемлекет билігі ең бір қолайсыз сәтте тиді. Ол кезде ноғайлардың өз арасында да ауызбіршілік болмаған. Дегенмен кезінде Қасым хан Астрахан ханымен бірігіп Еділ өзенінің арғы бетіне қуып шыққан бөлігі аңысын аңдып, өздерінің байырғы астанасы Сарайшықты кері қайтарып алатын сәтті асыға күтіп жүрді.
1521 жылы ноғайлардың солтүстік-батысындағы көршісі Қазан хандығының тағына өздерінің жауы Қырым ханының бауыры Сақыпкерейдің отыруы да ноғайлардың жағдайын ауырлата түсті. Алайда Қасым ханның қайтыс болуы жағдайды өзгертіп, ноғайлардың шығыстағы Қазақ хандығына қараған жерлерін қайтарып алуларына жаңа мүмкіндіктер туғызды. Ал оңтүстікте болса өзара ауыз жаласқан және Жетісу жерін өздеріне қайтаруды көздеген моғол билеушілері және Түркістан мен Сыр бойындағы қалаларға үздіксіз көз тіккен өзбектер Қазақ хандығына қарсы қылыштарын қайрап отырды.
Сібірмен шектесетін аймақтардағы байырғы шайбандық тайпалар да қарап жатпай, жаңа қазақ ханына қарсы кейбір тайпа басшыларын арандатты. Осындай қысылтаяңда Мамаш тақта алаңсыз отыра алмады. Содан өзіне аманат болып қалған мемлекет іргесін сөгуге әрекеттенгендерге қарсы жорықтарға аттана бастады. Осындай шырғалаңда бұрын әкесіне бағынышты болып, енді ашық жауға айналған маңғыт мырзаларына қарсы жорықтардың бірінде аңдаусызда қаза тапты.
Қасым ханнан кейін Қазақ хандығында Жәнібек хан ұрпақтарының билігі түпкілікті орнықса, 1521 жылдан кейін, яғни Қасым хан қайтыс болған соң, тақ үшін Жәнібек ханның немерелері арасында күрес өрбіген. Бұл арада билік үшін жеке тұлғалардың арасында күрес жүрсе де, оның астарында мұрагерлікке байланысты дәстүр таласы да жатқан.
Қыпшақтардың мұрагерлік дәстүрі бұзылды
ХІ-ХІІІ ғасырларда ерте феодалдық қыпшақ мемлекеттілігіне ғана тән белгі болды. Ол – хандық биліктің әкеден балаға емес, әкеден немере туысқа не ініге берілуі. Бұл дәстүр сырттан келген жоқ. Қыпшақтарға дейінгі және қыпшақтар кезіндегі жергілікті тайпаларда жасы үлкенді сыйлаудан, соған құрмет көрсетуден туындады деген болжам бар. Ал моңғол шапқыншылығы нәтижесінде хандық билік әкеден балаға қалдырылатын заңға айналды. XV ғасырда моңғолдар енгізген бұл жолды жергілікті халықтың әдет-ғұрпы ығыстырып шығарады. Оған Керейдің хан болып сайлануы дәлел.
Әбілқайыр ханға дейін Дешті Қыпшақтың билеушісі Барақ хан болған. Моңғол дәстүрі бойынша келесі хан оның ұлы Жәнібек болуы тиіс. Дегенмен жергілікті халық дәстүріне сай келесі билік Барақтың немере туысы Керейге тиді. Ал Керейден соң оның ұлына тимей, Жәнібек хан болды.
Жәнібек ханнан кейін оның ұлы Қасым емес, таққа Бұрындық отырады. Одан сон – Қасым хан. Ал Қасым ханнан соң таққа оның бір немере інісі, не туған інісі келуі тиіс еді. Бірақ үлкен ұлы Мамаш келді. Осылайша, жергілікті мұрагерлік дәстүр алғаш рет бұзылады.
Тарихшылардың жорамалы бойынша мұрагерлік дәстүрдің бұзылуы сұлтандар арасындағы алауыздықтарға түрткі болды. Мамаш ханның билігі қанша уақытқа созылды, басты оқиғалары қандай, хандықтың ішкі және сыртқы саяси өмірінде қандай өзгерістер болды деген сұрақтарға ешбір жазба деректежауап жоқ. Мамаш ханның қалай қайтыс болғаны туралы қысқаша мәлімет бар. Бірақ кімге қарсы шыққаны айтылмайды.#Мамаш хан қалай қайтыс болды
Мамаш хан билік үшін күрестің құрбаны болды. Қазақ хандығының бесінші ханы жөніндегі жазба деректер өте мардымсыз. Мұхаммед Хайдар Дулатидың "Тарихи Рашиди", Махмуд ибн Уәлидың "Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар", Хайдар Разидың "Тарих" атты шығармаларында ол туралы өте қысқа мәліметтер кездеседі. Оларда Мамаштың Қасым ханнын ұлы екендігі және оның Қасым ханнан соң билікке келгені, сондай-ақ қандай жағдайда өлгені туралы айтылады.
"Тарихи Рашидиде" Мамаш ханды бір шайқаста тұншығып өлді делінсе, Махмуд ибн Уәли: "Ол бір ұрыста тапталып өлтірілді" деп жазған. Ал Хайдар Разидың мәліметі сәл нақтырақ: "...бір шайқаста ол қару- жарағының ауырлығынан және көп жаншылудан тұншығып өлді", – делінеді.
Мамаш ханның жасы келіп, денсаулығы сыр бере бастаса да, әке өсиетіне адал болып, әскерді жауға ханның өзі бастап шығатын байырғы дәстүрді бұзбай орындады. Бұл жолы да ол өзінің әлсіздігіне қарамастан, жауға қарсы ауыр сауыт-сайман киіп, бес қаруын түгел асынып аттанған еді. Алайда жұлқына жанталасқан ұрыс қимылдары үстінде еріксіз жанұшыра қимылдаған оның еңсесін бәрінен бұрын, тұла бойын қыспаққа алған зіл-батпан көк сауыт жаныштап, уәзірлері көмекке жеткенше тұншығып, қайтыс болған.
Осылайша, Қасым ханнан соң билікке келген Мамаш хан Қазақ хандығының одан әрі нығаюына үлес қоса алмай, оның "уақытша әлсіреуінің" басында тұрды. Жазба деректерде Мамаш ханның ұрпақтары туралы ешбір мәліметтер айтылмайды.
Қазақ хандығында Мамаш ханнан кейін де билік үшін күрес тоқтамайды. Талас-тартыс 20 жылдай уақытқа созылады. Мемлекеттің, халықтың жағдайы нашарлап кетеді. Тарихшылар бұл дәуірді "Қазақ хандығының уақытша әлсіреген дәуірі" деп атайды.
Мамаштан кейін билікке Әдік сұлтанның ұлы Тахир хан келді. Бірақ ол да хандықты күшейте алмады.