АСТАНА, 2 желтоқсан – Sputnik. Ақмола облысында кеншілер 130 млн теңгенің алтынын ұрлап жатқан жерінде ұсталды, деп хабарлайды ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Қылмыстық топ Степногорск қаласына қарасты Ақсу кенішінде ұсталды. Барлығы – алтын өндіруші кәсіпорынның қызметкерлері. Оларды технологиялық учаскенің шебері басқарып отырған.
"Күдіктілер бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған аймақтарды пайдаланып, ұрланған затты жұмыс киімінің ішіне жасырып алып шығуға тырысқан. Ұсталғандардан құрамында 4,5 келі таза алтыны бар 7 келі концентрат алынды", - дейді полицейлер.
Тәркіленген алтынның жалпы құны 130 млн теңгеден асады.
Қылмыстық топтың мүшелері тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық іс аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық фактісі бойынша тергеліп жатыр.