Астанада баспана кезегінде тұрғандар 12 млн теңгеге алданған

Елорда тұрғыны мемлекеттен пәтер алуға кезекке тұрғандарды алдап келген
Sputnik
АСТАНА, 27 қараша – Sputnik. Астанада баспана кезегін жылжыту қызметін ұсынған алаяқ ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, алаяқ мемлекеттен пәтер алуға кезекке тұрғандарды алдаған.
"Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас 25 фактіге қатысы бар екендігі дәлелденді, соның салдарынан азаматтарға 12 млн теңгеден астам залал келтірілген", - деді Сүйінбай бүгінгі онлайн брифингте.
Күдікті қамауға алынған жоқ. Одан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Полиция тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде барлық материал сотқа жолданады.
Айта кетері, 20-22 қараша аралығында республика аумағында "Hi-tech" ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Ол үшін аумақтық департаменттерде жедел қызметкерлер, сондай-ақ тергеу және криминалистикалық бөлімшелер қатарынан мамандандырылған жедел іздестіру топтары құрылды. Үш күннің ішінде республика бойынша 125 аса киберқылмыс тіркелді.
Жыл соңына дейін 3,6 мың үлескер баспаналы болады – Астана әкімі