АЛМАТЫ, 23 қараша – Sputnik. Маңғыстау облысында бейімдеу орталығының экс-директоры бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды, деп хабарлады Бас прокуратура.
Ақтау қаласының прокурорлары ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, сондай-ақ мүгедек балаларға арнаулы медициналық-əлеуметтік қызмет көрсететін денсаулық сақтау жəне əлеуметтік қорғау жүйесінің мекемелеріне тексеріс жүргізді.
"Тексеру кезінде өрт қауіпсіздігі, еңбек, әлеуметтік қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау заңнамалары бұзылғаны анықталды. Сонымен қатар 2022 жылы облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының бұрынғы директоры өзінің туыстарын жұмысқа заңсыз орналастырғаны белгілі болды", - деп хабарлады ведомство.
Экс-директор іс жүзінде жұмыс істемеген туыстарына жалақы төлеп, сыйақы жазған. Олардың есеп шотына 2,6 млн теңге аударылған.
Бейімдеу орталығының бұрынғы директорына қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 189-бабы 3-бөлігі 2-тармақшасы "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Заңды бұзған басқа 2 мекеме директорына 7 әкімшілік хаттама толтырылды.