АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
"Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді", - деп жазды президент әлеуметтік желіде.
Бұған дейін Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша қазақтардың үлесі 70,4%-ке дейін өскенін хабарлаған еді.
2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша қазақтар саны 13,4 млн адамды құраған, 2009 жылдан бергі өсім – 33,7% (10 млн – 2009 жылы), жалпы халық санындағы қазақтардың үлесі 63,1%-дан 70,4%-ға дейін өсті.
Сондай-ақ, саны көп ұлттар қатарына орыстар – 2,9 млн адам, өзбектер – 614 мың адам, украиндар – 387 мың адам және ұйғырлар – 290 мың адам кірді.