Елорда тынысы

Астана халқы қай кезде 2 миллионға жетеді

© Sputnik / Ольга Головко / Медиабанкке өтуАстана тұрғындары
Астана тұрғындары - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 31 қаңтар – Sputnik. 2030 жылы елорда халқы 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде қала қарқынды дамып келеді. Соның салдарынан бас жоспардың талаптары бұзылып жатады.
"Астананың инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту қажет. Қазір урбанизация қарқыны сақтала берсе, қала халқының саны 2030 жылда 2 миллион адамға жетуі мүмкін. Қала жылдам өсіп келеді. Соның салдарынан Бас жоспардың көптеген талабы жүйелі түрде бұзылады. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды кешенді дамыту мәселесі басты міндет болуы шарт", - деді Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы маңызды бір мәселеге тоқталды. Әкімдік 10 жылдан бері ЖЭС-3 нысанын іске қоса алмай келеді. Жобаның мерзімі бірнеше рет шегерілді. Ол уақыттың ішінде бағасы да 53 миллиардқа қымбаттады. Ал Астанада электр энергиясы тапшы. Президент жылдың аяғына дейін ЖЭС-3 құрылысының бірінші кезеңін және екі газ қазандығының құрылысын аяқтауды тапсырды.
"Қалада медициналық қызметтің сапасына және оның қолжетімді болуына қатысты шағым көп. Бұл жерде демографияны да ескерген жөн. Елорда тұрғындарының саны соңғы он жылда 2,5 есе өсті. Медицина инфрақұрылымы бұл қарқынға ілесе алмай жатыр. Емханаларда кезек көп. Перзентханаларда орын тапшы. Ондағы жүктеме қалыпты нормадан 68 пайызға артық. Сондай-ақ кейбір ауруханада санитарлық талаптар сақталмайды", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Бұдан бөлек, балалар емханасындағы қабылдау бөлмелері заман талабына сай емес. Қалада балаларға арналған жалғыз травматология пункті бар. Жарақат алған балалар сол жерде ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болады.
"Үшінші көпсалалы балалар ауруханасы тек инфекциялық аурулардан емдейді. Онда хирургия, офтальмология және травматология бөлімдері жұмыс істемейді. Елорда үшін бұл – ұят нәрсе", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Президент денсаулық сақтау министрлігіне қала әкімдігімен бірлесіп, балалар медицинасына қатысты мәселенің бәрін шешуді тапсырамын.
Жаңалықтар
0