АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Қазан айында елімізде жылдық инфляция 10,8%-ке дейін баяулады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Вагапов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жылдық инфляция 10,8%-ке дейін баяулады. Дегенмен, бағаның өсуі екі таңбалы мәнде қалып отыр. Айлық инфляция өткен айдың деңгейінен және таргеттен жоғары қалыптасып, 0,7%-ті құрады. Бұл инфляцияға қарсы саясатты одан әрі жалғастыруды талап етеді", - деді Вагапов үкімет отырысында.
Оның айтуынша, азық-түлік инфляциясы жылдық мәнде 10,4%-ке дейін баяулаған. Ал айлық мәні, керісінше, өткен айдағы 0,3%-тен 0,5%-ке дейін қарқын алды.
"Азық-түлік тауарлары құрылымында қазан айында жұмыртқа, нан, жарма, қант және тәттілер, жаңа піскен жемістер мен ет бағасы өсті. Есесіне, ірімшіктің, жаңа піскен көкөніс пен күнбағыс майы арзандады", - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Ал азық-түлікке жатпайтын инфляция жылдық мәнде 11,1%-ке дейін төмендеді. Айлық мәнде өсім 0,8%-ті құрады.
Қазан айында аудиовизуалды жабдықтар, отын, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар, киім-кешек пен аяқ киім қымбаттаған. Тұрмыстық заттар, жуу және тазалау құралдары арзандады.
Сондай-ақ қазан айында ақылы қызметтер инфляциясы жылдық мәнде 11,0%-ті құрады. Ақылы қызметтердің айлық инфляциясы 0,8% болды.
Ақылы қызметтер арасында баспананы жалға беру, шаштараз бен жеке қызмет көрсететін мекемелердің, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерінің бағасы өсті.