АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. Газа секторында орналасқан "Аш-Шифа" медицина орталығы толығымен жарықтан ажыратылды, деп хабарлайды Tasnim агенттігі.
"Газа секторында орналасқан "Аль-Шифа" ауруханасы электр қуатынан толығымен ажыратылды... Израильдік әскерилер мен қарулы күштердің жасап жатқан ауыр шабуылдарынан және ауруханада электр қуаты мен дәрі-дәрмектердің жетіспеуінен "Аш-Шифа" ауруханасындағы жағдай сәт сайын күрделене түсуде", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ хабарламада аурухана төңірегінде кескілескен ұрыс жалғасып жатқаны, жарылыс дыбыстары естілгені атап өтілді.
Еске сала кетейік, 7 қазанда ХАМАС Израильге бірнеше мың зымыран атып, "Әл-Ақса тасқыны" операциясының басталғанын жариялады. Осыдан кейін ұйым жауынгерлері Израильдің оңтүстігіндегі шекаралық аймақтарға басып кіріп, әскерилерге де, бейбіт тұрғындарға да оқ жаудырды, сонымен қатар 200-ден астам адамды кепілге алды.
Израильде жергілікті биліктің мәліметі бойынша, 1,4 мыңнан астам адам қаза тапты, оның ішінде 300 әскери бар, 5 мыңнан астамы жарақат алды.
Қазақстан гуманитарлық көмек ретінде Палестинаға 1 млн доллар аударды. Бұл шешімді Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті барысында Қазақстан президенті жариялады. Қазақстан үкіметі бөлген қаражат БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігіне аударылды. Ұйым Палестина халқына жеті онжылдық бойы төтенше және басқа да көмек көрсететін жұмыстарды ұйымдастырып келеді.