Денсаулық

Қазақстанда 99 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынады

Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында елімізде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі салынады
Sputnik
АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Елімізде 99 алғашқы медициналық-санитариялық көмек объектісінің құрылысы, сондай-ақ 4 көпбейінді аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.
Бұл туралы денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді. Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Сұлтанғазиев халықпен кездесіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство ақпаратынша, ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында елімізде 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі, оның ішінде Ақтөбе облысында 29 объекті (5 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт, 20 медициналық пункт) салынады.
Сондай-ақ, ұлттық жоба аясында "алтын сағат" қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақаттар және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсете алатын 32 ауданаралық орталық ауруханаға күрделі жөндеу және реконструкция жүргізу жоспарланып отыр.
Ақтөбе облысында Хромтау, Мұғалжар және Шалқар аудандарының жұмыс істеп тұрған орталық ауруханаларын көпбейінді ауданаралық ауруханаларға айналдыру жоспарлануда.
Бұдан басқа, инсульт пен инфаркттан өлім-жітімді азайту мақсатында ел бойынша инсульт орталықтары желісін 81-ге дейін және коронарлық араласу орталықтарын 50-ге дейін кеңейту көзделген.
Денсаулық
Қазақстандық дәрігерлер науқастарды онлайн емдеуі мүмкін