АСТАНА, 2 қараша - Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен келген Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанды Ақордада қарсы алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Екі елдің басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз өткізеді. Сол кезде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Соның ішінде энергетика саласындағы байланыстар сөз болады. Бірнеше құжатқа да қол қойылады. Мәселен, бір келісімшартта Қазақстаннан келген студенттерге Stipendium Hungaricum халықаралық бағдарламасы бойынша венгр университеттерінде оқуға стипендия беру қарастырылған.
Айта кетері, бұған дейін Орбан Қазақстанға ресми сапармен үш рет келген. Соңғы рет 2019 жылы оны Тоқаев ресми түрде қарсы алды. Одан кейін екеуі 2021 жылы Ыстанбұлда, ал 2022 жылы Самарқанд қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында кездескен. Ертең, 3 қараша күні Астанада осы ұйымның мерейтойлық саммиті өтеді. Виктор Орбар оған да қатысады. Мажарстан ұйымға бақылаушы ретінде кірген.
Sputnik Қазақстан екі ел арасындағы қарым-қатынастың тарихына шолуды әзірледі. Ал сарапшылар осы сапарға қатысты өз ойын айтты.