Қазақстан мен Мажарстан: 31 жылдық достықтың нәтижесі қандай

© Sputnik / Абзал КалиевФлаги Казахстана и Венгрии
Флаги Казахстана и Венгрии - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.11.2023
Жазылу
Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан 3 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысады
АСТАНА, 2 қараша – Sputnik. Қазақстанға ресми сапармен Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан келді. Мәртебелі мейман алдымен ел басшылығымен кездеседі. Ал ертең, 3 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысады. Sputnik Қазақстан екі ел арасындағы қарым-қатынастың тарихына шолу ұсынады. Ал сарапшылар осы сапарға қатысты өз ойын айтты.

Қазақстанда Мажарстанның төрт бірдей консулдығы ашылды

Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 23 наурызда орнатылды. Ал бір жылдан кейін екі мемлекеттің елшіліктері ашылды.
1998 жылы Мажарстанда Қазақстанның құрметті консулдығы өз жұмысын бастады. Мажарстан 2014-2018 жылдар аралығында Атырау, Ақтөбе, Шымкент пен Алматы қалаларында төрт бірдей консулдық ашты.
Екі елдің халықаралық саясаттың маңызды мәселелері бойынша ұстанымдары жақын. Мажарстан Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету өтінімін және Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу бастамасын қолдады. Оған қоса Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы кеңейтілген әріптестік туралы келісімді бірінші болып ратификациялады.

Қазақстан визасыз режимді жеңілдетуге мүдделі

Бүгінде Мажарстан Еуроодақтың құрамына және Шенген аймағына кіреді. Ал Қазақстан Еуропаға кіру үшін визалық режимді жеңілдету бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Соның ішінде құжаттарды қарастыру мерзімін қысқарту, консулдық алымның мөлшерін төмендету және тағы басқа мәселелер бар.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл мәселе нақты қай уақытта шешілетіні белгісіз. Себебі Еуропалық одаққа кіретін 27 елдің әрбірімен келісу керек.
"Біз міндетті түрде алдымен әрбір елмен жеке-жеке сөйлесеміз. Әрі қарай Брюссельде тағы талқыланады", - дейді Смадияров.
Мажарстан Қазақстанның Еуропалық одақ елдерімен визалық режимін жеңілдетуді толығымен қолдап отыр. Ал осы елдің азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады.

Қазақстан мен Мажарстанның ұстанымдары қандай

Саясаттанушы Айдар Әмребаевтың айтуынша, бүгінде Еуропалық одақтың ішінде дәл осы Мажарстанға ерекше қарым-қатынас орнатылған. Оған тарихи оқиғалар да өз септігін тигізген. Ғылыми зерттеулер кезінде қазақтар мен мажарлардың туыстығы жайында жиі айтылады. Орта жүздің ішінде "мадияр" деген ру да бар. Тарихи деректерге сәйкес, ХІІ ғасыр соңында Торғай даласын мекендеген қыпшақ тайпалары Мажарстан жеріне барған. Олардың ұрпақтары осы елдің орталық-шығыс жағында тұрады. Мажарстан Түркі мемлекеттері ұйымына да бақылаушы болып кірген.
"Әрине, Мажарстан Еуропаға мұнай-газ ресурстарының үздіксіз жеткізіліп тұруына мүдделі. Олар Еуропалық одақта белсенді, бірақ ылғи конструктивті бола бермейді. Дегенмен, бұл мемлекет аймақтары өте маңызды ойыншы болып саналады", - деді Әмребаев Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Осы орайда сарапшы Қытайда өткен "Бір белдеу – бір жол" форумын еске алды. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Ал Еуропаның елдерінің ішінен осы шараға Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан ғана барды.
"Сол себепті біздің ұстанымымыз ұқсас, атап айтқанда, Қытайдың үлкен нарығы пен Еуропалық одақтың ауқатты нарығын байланыстыру тұрғысынан мүддеміз бір-біріне сәйкес келеді. Меніңше, осы мәселелер де премьер-министр Орбанның сапары кезінде талқыланады", - деп атап көрсетті Әмребаев.

Сапарлардың нәтижесі қандай болды

1994 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мажарстанға ресми сапармен барды. Ал үш жылдан кейін осы елдің басшысы болған Арпад Гёнц Қазақстанға келіп кетті. 2007 жылы Назарбаев Будапештке тағы барды. Осы сапардың қорытындысы бойынша екі ел басшыларының бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
2010 жылғы ЕҚЫҰ-ның Астанадағы саммитіне Мажарстанның президенті Пал Шмитт қатысты. Одан кейін көбінесе осы елдің премьер-министрлері келген. Мәселен, 2012 жыл Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан Қазақстанға ресми сапар жасады. Сол кезде 11 құжатқа қол қойылды. Ал екі жылдан кейін стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларация қабылданды. Сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы 10 келісім рәсімделген болатын.
2015 жылы Виктор Орбан тағы ресми сапармен ұшып келді. Сонда Қазақстан-Мажарстан стратегиялық кеңесі құрылды. Ал соңғы рет Орбан 2019 жылы келіп кеткен. Осы жолы Мажарстанның премьер-министрі Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысады.

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы екі жақты сауда

Екі елдің географиялық алшақтығына қарамастан, Қазақстан ТМД елдерінің арасында (Ресей мен Украинадан кейін) Мажарстан үшін 3-ші сауда серіктесі болып табылады.
Былтыр екі жақты сауда көлемі 172,2 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 19,5%-ға көп. Ал 2023 жылдың алғашқы бес айында тауар айналымы 68,4 млн АҚШ долларына жеткен.
2005 жылдан бастап 2023 жылғы Iтоқсанына дейін Мажарстаннан Қазақстанға құйылған инвестицияның көлемі 322 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде осы елдің қатысумен 70-ке жуық компания тіркелген. Олардың ішінде Moll, Globalia, Gedeon Richter және тағы басқа жетекші компаниялар бар.
Қазақстан көбінесе мұнай, машиналар, құбырлар мен құрылғыларға арналған бөлшектерді экспорттаса, Мажарстаннан инсектицидтер, гербицидтер, фармацевтикалық өнімдер, дәрілік және гигиена заттары импортталады.
Сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясы маңызды рөл атқарады.

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар

Бүгінде екі ел арасында тығыз байланыстар орнатылған. 2001 жылы Қазақстанның Мажарстандағы мәдени күндері өтсе, келесі жылы Мажарстанның Қазақстандағы мәдени күндері ұйымдастырылды.
2014 жылы Будапешт қаласында Астана көшесі мен Абай ескерткіші ашылды. Бір жылдан кейін Астанадағы көшеге Будапешт атауы берілді.
Қазіргі уақытта Мажарстанда мыңға жуық қазақстандық студент оқиды. Осы мақсатта Мажарстан жыл сайын 250 грант бөліп отырады.

Мажарстан үшін Қазақстанның рөлі қандай

Бүгінде әлем бойынша конфронтация күшейіп кетті. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс бір бөлек, Таяу Шығыстағы жағдай да ушығып кетті.
"Қазіргі кезде бәріміз, жалпы әлем қиын трансформация кезеңіне аяқ басты. Бұрынғыдай болмайды. Бұл кезең ауыр өтіп жатыр, конфронтация көп. Ресей мен Украина бар. Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп кетті. Осы орайда Қазақстан әлемдік саясатқа белсене араласып отыр. Еуропалық одақ оған Орталық Азияда ғана емес, жалпы посткеңестік елдер ішінде негізгі мемлекет ретінде қарайды", - дейді саясаттанушы Әмребаев.
Қазақстан Батыспен де, Шығыспен де жақсы қарым-қатынас ұстап отыр. Бүгінде ондай мемлекеттер аз.
"Иә, қазіргі жағдайда өзара диалог алаңдары көп емес. Ал Қазақстан Ресеймен де, Қытаймен де, Батыс елдерімен де жақсы байланыс ұстап отыр. Қазақстанмен өзара әрекет еткен ыңғайлы. Сол себепті Еуропаның көшбасшылары Қазақстанға жүгінгенді жөн санайды", - деп атап көрсетті саясаттанушы.
Мажарстан үкіметі таратқан мәліметке сәйкес, Орбанның сапары кезінде екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Соның ішінде энергетика саласындағы байланыстар сөз болады. Бірнеше құжатқа да қол қойылады. Мәселен, бір келісімшартта Қазақстаннан келген студенттерге Stipendium Hungaricum халықаралық бағдарламасы бойынша венгр университеттерінде оқуға стипендия беру қарастырылған.
Жаңалықтар
0