Смайылов кеншілердің қазасы жайлы: бұл – кәсіпорын басшылығының кінәсі

Үкімет басшысының айтуынша, қазір "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталуға жақын
Sputnik
АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған апатқа "АрселорМиттал Теміртау" АҚ басшылығы кінәлі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Премьер дәл осындай апат биыл тамыз айында да болғанын еске салды. Ол кезде 5 шахтер қаза тапқан болатын.
"Көптеген адам өліміне әкеп соққан апат өндірістегі қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен тікелей байланысты. Бұл – бірінші кезекте, кәсіпорын басшылығының кінәсі. Олар компания жұмысынан өздерін шеттетіп тастаған. Мұндай әрекетсіздіктің салдары бірнеше жылдар бойы қайғылы жағдайларға әкеп соғуда. Компания өз міндеттемелерін орындаған жоқ", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Бұған дейін президент "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған еді.
Смайыловтың айтуыншаа, қазір компанияны Қазақстанның пайдасына беру рәсімдері аяқталу сатысында.
Үкіметтік комиссия апат себептерін жан-жақты тексеріп, оған кінәлі адамдарды анықтау жұмыстарын жалғастырады.
Премьер-министр Қарағанды облысының әкімдігі мен төтенше жағдайлар министрлігіне апатты жою жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
"Ең бастысы – қаза тапқандардың отбасыларына барлық көмекті көрсетіп, зардап шеккендердің денсаулығын қалпына келтіру. Осындай қиын жағдайда ешкім де назардан тыс қалмайды", - деп сендірді үкімет басшысы.
Еске сала кетейік, Костенко атындағы шахтада метан жарылып, 46 кенші қаза тапты.
Қарағанды облысында бес шахтада кен өндіру жұмыстары қайта басталды