АЛМАТЫ, 26 қазан - Sputnik. Қарағанды облысы Топар кенті карантинге жабылды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Топарда сібір жарасы анықталды.
"Жеке аулада қожайындары 8 айлық бұқаны союға мәжбүр болған. Мал иелерінің айтуынша, мал ауру күйде болған, етін сатуды жоспарламаған. Сол ауладағы үш адамнан сібір жарасы анықталды, тағы екі адам дәрігерлердің бақылауында. Сондай-ақ олармен байланыста болған 30 адам анықталып, олармен профилактикалық іс-шаралар туралы түсіндірме әңгіме жүргізіліп, медициналық бақылау орнатылды", - дейді әкімдік.
Мәжбүрлеп сойылған малдың еті тәркіленіп, мөрленіп, ветеринариялық заңнамаға сәйкес жойылатын болады. Кентте індетті оқшаулау және жою үшін барлық қажетті санитарлық-ветеринарлық эпизоотияға және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүріп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті арқылы ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан вакциналар мен дезинфекциялық құралдарға қажеттілік толық қамтамасыз етілген.
"Кентке Абай қаласынан кіре берісте көліктерді санитарлық өңдеуден өткізу үшін бекет орнатылды. Карантиндік шараларды сақтау үшін Жартас кентінен Топар кентіне екінші кіреберіс уақытша жабылды. Тұрғындардың қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Сондай-ақ кенттен малды әкетуге және әкелуге, оны шаруашылықтар ішінде өткізуге, ауру малдың сүтін пайдалануға, мал союға және аумақтан жем мен жем-шөп қоспаларын әкетуге тыйым салынды", - дейді ведомство.