АСТАНА, 25 қазан – Sputnik. "Бәсе" арнасын құрушылар мен авторларына іздеу салынды. Бұл жайлы ақпарат ІІМ құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланды.
Порталдың ақпаратынша, Айдос пен Наталья Садықовтарға қатысты іс жуырда Астанада тіркелген. Бұған ішкі істер министрлігі бастамашы болған, ал іздестіру шараларын Астана полициясының Алматы аудандық басқармасы жүргізеді.
Айдос пен Наталья Садықовтарға қатысты іздестіру ісі
Ведомствоның баспасөз қызметі құқық қорғаушылар Садықовтарды неге іздестіріп жатқанын нақтылады.
"Бұл адамдарға 2023 жылғы 23 қазаннан бастап Қылмыстық кодекстің 174-бабына (Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру) сәйкес сот санкциясымен іздеу жарияланды", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қайшы келетін, азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа сына қағатын кез келген сөз бен әрекетке қатаң тосқауыл қойылатынын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бұл талапқа бағынбау мемлекетке де, қоғамға да қарсы шығу деп бағаланады. Мұны әсіресе, ел алдында жүрген және халыққа сөзі өтімді азаматтар терең түсінуі керек.