АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қазақстандықтар қандай жағдайда зейнетке ерте шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, тиісті заң жобасы осы жылдың соңына дейін енгізіледі. Қазір Қаржы нарығын реттеу агенттігі өмірді сақтандыру компаниясымен бірлесіп есептеулер жүргізіп жатыр.
"Біз өз тарапымыздан екі шартты айқындадық – 55 жас және жеті жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының болуы. Яғни шахтерлер осы екі критерийге сәйкес келуі керек. Мәселе жыл соңына дейін шешілуге тиіс", - деді Жақыпова үкіметте өткен брифингте.
Айтуынша, қазіргі таңда еңбек министрлігі бюджет өтінімін рәсімдеген. Ол үш жылға 45 млрд теңгені құрайды.
Министр арнайы төлемдерді 46 мыңға жуық жұмысшы ала алатынын атап өтті.