АСТАНА, 10 қазан - Sputnik. Қазақстанда жүктерді жинақтау және тарату бойынша әуежайларды бәсекеге қабілетті және сапалы қызмет көрсететін мультимодальды орталықтар ретінде дамыту қажет. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр орталық және жергілікті атқарушы органдармен ел әуежайларының қызметін дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда азаматтық авиация саласының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсімді көрсетіп отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша әуежайларда 21,1 млн жолаушыға қызмет көрсетілген, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (18,2 млн адам) 16%-ке артық. Өсу қарқыны биыл да сақталып отыр.
Кеңес барысында инфрақұрылымды дамыту, әуежайларға инвестиция тарту мәселелері қаралды.
Жеке инвестициялар есебінен Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларының әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдарын салу бойынша ірі жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылыс келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар көлік министрлігі авиаотынның жетіспеушілігі, әуежайларда арнайы техника мен жабдықтардың тозуы, тариф саясаты, сондай-ақ әуежайлардағы кедендік және салықтық рәсімдер сияқты елдің транзиттік әлеуетін дамытудың тежеуші факторларын айтты.
Роман Скляр республика әуежайларындағы мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бойынша бірқатар тапсырма берді деп атап өтті баспасөз қызметі.