АЛМАТЫ, 27 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Қаражота ауылдық округіне қарасты үш ауылдың тұрғындары әлеуметтік жағдайларына наразы. Алматының іргесіндегі ауылдың жағдайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Қаражота ауылдық округі Алматыдан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл округке Қаражота, Сарыбұлақ, Ақтоған ауылдары кіреді. Әрқайсысында 2000-ға жуық халық тұрады. Әр ауылдың өзіне тиесілі түрлі проблемасы бар.
Алматы облысында үш ауылдың тұрғындары наразылық білдірді
© Айдана Дайырова
Ауыл болып іргесі қаланғалы Сарыбұлақ ауылында бірде бір мектеп болмаған. 200-ге жуық оқушы жатақхана ғимаратында оқып жүр. Бұл ауылда бос қалған ғимаратты мұғалімдер мектеп етіп жасап алған.
Ал Ақтоған мен дәл осы Сарбұлақ ауылдарында балабақша да жоқ. Көлігі барлар 15 шақырым жердегі Шелек ауылындағы балабақшаға тасиды. Ал көлігі жоқтар жұмыс істей алмай, үйде отырады.
Алматы облысында үш ауылдың тұрғындары наразылық білдірді
© Айдана Дайырова
"Жастар бұл ауылда алма теріп, күн көреді. Ол да маусымдық жұмыс қой. Ал тұрақты жұмысқа кірейін десе балаларын апаратын балабақша жоқ. Мен де немеремді бағып отырмын. Ал мен сияқты қарт ата-анасы жоқтар балаға байланып, үйден шыға алмайды", - дейді Сарбұлақ ауылының тұрғыны Дәмеш Мақажанова.
Бір округтегі үш ауылдың тек біреуінде ғана балақбақша бар.
Бұдан бөлек Қаражота округінің үш ауылында күре жол жөндеу көрмеген.
Алматы облысында үш ауылдың тұрғындары наразылық білдірді
© Айдана Дайырова
"Үш ауылға апаратын жолдың барлығы нашар. Ойылып кеткен. Абайлап жүрмесек не дөңгелек жарылады, не көлік сынады. Шұңқырлардан қашып, әйтеуір жүріп жүрміз", - дейді округ тұрғыны Талғат Қожабеков.
Мәселенің мән жайын Қаражота ауылдық округінің әкімінен сұрадық.
"Үш ауылдың тек біреуінде ғана балабақша бары рас. Ол Қаражота ауылында орналасқан. 160 балаға арналған балабақшаға қазір 80 бала ғана барып жүр. Ақтоған мен Сарбұлақ ауылынан балаларын ата-аналар жол қашық деп әкелмейді. Жақында жергілікті кәсіпкер өз қаражатына балабақша салып беремін деп уәде берді. Сол кәсіпкермен келіссөздер жүргізіп, жобалық-сметалық құжатын жасағалы жатырмыз", - дейді Қаражота ауылдық округінің әкімі Ерік Рахымбаев.
Әкімнің айтуынша, округтегі жолдарды жөндеу жұмыстары басталып кетті. Sputnik Қазақстан тілшісі барған күннің ертеңінде жол мәселесі дереу қолға алынған.
Алматы облысында үш ауылдың тұрғындары наразылық білдірді
© Айдана Дайырова
"Бұл – облыстық маңызы бар жолдар. Жолдың мәселесі облыстық маслихат жиынында айтылған. Жалпы окургте 22 көпір бар. Сол көпірлерді бірінші жасап алу керек. Жол жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр", - дейді Ерік Рахымбаев.